Женева конференциясы соғысты тоқтата ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Женева конференциясы соғысты тоқтата ма?

26.01.2014
Женева конференциясы соғысты тоқтата ма?
 
Осы аптада Швейцарияның Монтресінде әлемдік қауымдастық 8 ай бойы күткен бейбіт конференция ашылды. Оның мақсаты - 3 жылдан бері »деп соғысып жатқан Сирия үкіметі мен оппозициясын ымыраластыру.
 
АҚШ-тың, Еуропа одағының, Араб лигасының және әлемнің 30 шақты мемлекеті дипломаттарының басын қосқан алқалы жиын басталысымен дауға ұласты. Оған себеп - Сирия оппозициясының ойынша, елде қантөгісті тоқтатып, өтпелі үкімет құру үшін ең алдымен президент Башар Асадты отставкаға жіберу керек.
 
Әрине, ресми Дамаск мұнымен келіскен жоқ. Сирия президенті жіберген делегацияның пікірінше, соғысты тоқтату үшін шет мемлекеттер оппозиция құрамындағы содырларға жәрдемдесуді доғаруы керек.
 
Осы даудың кесірінен екі жақты сенбі күні бір үстелдің басына отырғызу дипломаттар үшін мұңға айналды. Әуелде жанжалдасушы тараптар тек делдал арқылы ғана сөйлесеміз деп, бетпе-бет жүздесуге әрең келісті. Әзірге, бұл форумның немен аяқталары белгісіз.
 
Ахмад әл-Джарба, Сирия ұлттық коалициясының төрағасы:
Бір анығы, біз үшін бұл режим өлді. Меніңше, әлем елдерінің де Башар Асадты билікте қалдырмау керектігіне көзі жетіп отыр. Өзімізге келсек, бізге еркін әрі гүлденген Сирия керек.
 
Уәлид Муаллем, Сирияның сыртқы істер министрі:
Женева конференциясы сириялықтар арасында диалогтың басталуына жол ашады деп үміттенемін. Бізді өткен үш жылда қолдаған достық ниеттегі елдерге алғыс білдіргім келеді. Айтпағым, біз қазір бір жағынан, терроризммен күресіп жатырмыз, екіншіден, Сирияда демократиялық саясат пен қоғам құру жолындамыз.
 
Айта кету керек, Араб Республикасында азаматтық соғыс 2011 жылы басталды. Содан бері 130 мыңдай адам қаза тауып, 9 миллионға жуық тұрғын босқынға айналды.
 
АҚШ пен Еуропа елдеріне арқа сүйеген оппозициялық коалиция болса, үкіметті құлатпақ түгіл, өз қарамағындағы қарулы топтарға билігі жүрмей, күйреуге шақ қалды. Соңғы бірнеше аптаның өзінде көтерілісшілер бір-бірімен соғысып, 1400-ге жуық адам жоғалтқан.
 
Иран мен Ресейге арқа сүйеген Сирия үкіметінің армиясы болса, керісінше, оппозицияның қарамағына өткен территорияларды бірте-бірте қайтарып, күннен күнге басымдық байқатып келеді.
 
Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу