Шығыс Қазақстанда өткен  «Туған жер» форумына 700-ге жуық кәсіпкер жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда өткен  «Туған жер» форумына 700-ге жуық кәсіпкер жиналды

19.10.2017

Алқалы жиын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» жобасының аясында ұйымдастырылды. Шараға еліміз бен алыс-жақын шет мемлекеттерден 700-ге жуық кәсіпкер жиналды. Барлығы шығыс өңірінің тумалары.

Зарина Ұлықбек, тілші:

 - «Туған жер» бағдарламасы бойынша өңірде құны 21,5 млрд теңгенің 1360 жобасы іске асырылып жатыр. Солардың бірқатары бүгінгі форум аясында таныстырылып,  мына инновациялық құрылғылар көрмесіне жайғастырылды. Іргелі кәсіпорын жетекшілері, меценаттар, спорт және мәдениет саласының майталмандары,бір ауыз сөзбен айтқанда, өз ісінің білгірлері бас қосқан алқалы жиыннан соң өңірде іске аспақ  тың жобалардың арта түсері анық.

Күршім ауданының тумасы Жақсыбай Бижігітов Алматыдан арнайы келіп отыр. Медицина ғылымдарының докторы ауылындағы фельдшерлік бөлімді жөндеуге ат салысқан. Бұл жолы да құр алақан емес.  

Жақсыбай Бижігітов,  кәсіпкер:

 - Мен, әрине, осыған қуана-қуана қайтып келдім. Робототехника кластарын ашуға көмектесемін. Робототехника класына 2,5 млн ақша аударуға дайынмын. Мектеп директорымен күнде-күнде сөйлесіп тұрамыз. Ол кісінің айтқан шаруасын орындаймын деп ойлаймын және ары қарай көмектесе беремін

Форумды ұйымдастырудағы басты мақсат та осы - білім беру мекемелерінің инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған «Менің мектебім» жобасына инвестиция тарту. Сол себепті аукцион да өткізілді. 2 млрд теңдеден астам қаржы жиналды. Одан түскен қаржы шалғайдағы білім ордаларын заманауи жиһаздармен қамтамасыз етуге жұмсалмақ. 

Әсем Нүсіпова,  ШҚО әкімінің орынбасары:

 -  Шарадан қаржы тарту арқылы Назарбаев зияткерлік мектептері стандарты бойынша физика, химия, биология, робототехника кабинеттерін жабдықтаймыз деп отырмыз. Бұл Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылға дейін барлық мектептер жаңартылған модельге көшу керек деген мемлекеттік бағдарламасында қаралған шарт, заман талабы. 

Форумнан кейін де туған өлкесін түлетуге кәсіпкерлер қол ұшын бере алады. Ол үшін «Парыз» қоғамдық қорында арнайы есепшот ашылған. 

Зарина ҰЛЫҚБЕК

Хабарламаларға жазылу