«Silk Way Star» жобасының қатысушылары жанкүйерлерімен жүздесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Silk Way Star» жобасының қатысушылары жанкүйерлерімен жүздесті

06.11.2017

«Silk Way Star». Бұл әр ұлттың өнерпаздарын көрерменге жақынырақ таныстыратын еліміздегі бірегей жоба. Жібек жолы бойында орналасқан Қырғызстан, Башқұртстан, Өзбекстан, Түркия сияқты елдерден жиналған өнер иелері өздеріне жат тілде ән шырқап, бақ сынасуда. Қазірде сайысқа түсіп жатқан 9 әнші бар. Аз уақыт ішінде көзқарақты көрерменнің сүйіспеншілігіне ие болып үлгерген жобаға қатысушылар жанкүйерлерімен кездесті. Олардың сұрақтарына жауап беріп, әр тілде ән шырқаумен көпшіліктің көңілін көтерді.

Саида - Өзбекстанның әншісі. Жасы 33-те. Арыслан есімді ұлы бар. Өзі музыка мұғалімі. Өнер саласына бала кезінен етене араласқан. Ол «Silk Way Star» жобасына қатысып, бағын сынау мүмкіндігі берілгенде ойланбастан Қазақстанға келген.

Саида, Өзбекстанның әншісі:

«Silk Way Star» жобасы маған шығармашылығымды шыңдай түсуге ерекше шабыт пен күш береді. Мен Қазақстанды жақсы көремін. Осы елге келгеніме өте қуаныштымын. Қазақ тілін үйрену маған аса қиын болып жатқан жоқ. Алайда, 1 әнге дайындалуға бар-жоғы 1-2 күн ғана уақытымз бар. Сондықтан, барынша тырысамын.

Шетелдік орындаушылар бірнеше ай бойы өзге тілде ән жаттап, оны аз уақыттың ішінде орындады. Қысқа мерзімнің ішінде олар көрерменнің жүрегіне жол тапты.

Диана Қуатбек, қала тұрғыны:

- Мен Янға жанкүйермін. Мен бұл жерде қатысушылардың бәріне сәттілік тілеймін.

Жобаны әрдайым тамашалайтын тұрақты көрермен әр әншіні бағалап та үлгерген. Ұлттық арнаның бағдарламаларының қатары жаңа, ұтымды, ең бастысы дүйім жұрттың қызығушылығына сай жобамен толыққанына қуанышты.

Жұмакүл Қатаева, қала тұрғыны:

- Өзінің ұлттық киімін киіп, айтқан әні, дауысы, оның сұлулығы маған қатты ұнайды. Менің немерем сондай әнші, сондай сұлу қыз болып, сондай жарыстарға қатысады деген үмітім бар.

Сахнада қазақ тілінде ән салып, көпшіліктің көңілін көтерген жоба қатысушылары жанкүйерлерінің түрлі сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, қонақжай, мейірімді, көңілді қазақ еліне шексіз алғыстарын жеткізді.

Асхат Садырбай, жоба жүргізушісі:

- Бұл жерде тек орындаушылардың ғана емес, сонымен қатар, әндердің де байқауы болып жатқан сияқты. Сондай-ақ, байқау 8 елдің телеарналарынан көрсетіліп жатыр. Яғни, жобаның аудиторясы өте үлкен.

Көңілді көрерменін көріп қуанған шетелдік әншілер Қазақстанға жоба аяқталған соң да жиі келгісі келетіндерін айтты. Ауқымды халықаралық жобада кім жеңімпаз атанатыны әзірге белгісіз. Десек те, жоба өнерпаз бен халықты біріктіретін көпір екені анық.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу