Гонконгте шерулер қақтығысқа ұласты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гонконгте шерулер қақтығысқа ұласты

12.08.2019

Гонконг полициясы метрода демонстранттармен қақтығыс кезінде көзді жасаурататын газбен бірге резина оқ атты. Куәгерлердің айтуынша, бір әйел қатты жараланған. Ол көзінен айрылуы мүмкін. Арнайы күштердің шерушілерді атқаны «Тай Ку» станциясында бейнекамераға түскен. Қазір мұндай акциялар Гонконгтің халықаралық әуежайында да өтіп жатыр. Онда әуе рейстері түгелдей доғарылған.

Бұл арнайы әкімшілік ауданда қылмысты деп танылған адамдарды Қытайға және өзге елдерге экстрадициялауға қарсы манифестациялар он апта бұрын басталды. Осыған байланысты даулы құжат қарау тоқтатылды. Бірақ демонстранттар оны күн тәртібінен мүлде алып тастауды талап етіп жатыр.

Сонымен қатар, шерушілер демократия мен Гонконгтің саяси автономиясы үшін де акцияны тоқтатпай отыр.

Британияның бұрынғы отары Гонконг Қытайға 1997 жылы қайтарылды. Сол кездегі келісім бойынша, Бейжіңдегі коммунистік үкімет бұл аралдың саяси және экономикалық құрылымын өзгертпеуге уәде берген еді.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу