АҚШ-та бір тәулікте үш атыс оқиғасы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та бір тәулікте үш атыс оқиғасы болды

05.08.2019

АҚШ-та демалыс күндері бір тәулік ішінде үш атыс оқиғасы болды. Сенбі күні Техас штатының Эль-Пасо қаласында 21 жастағы ер адам сауда үйінде оқ атып, 20 кісіні мерт қылды. Тағы 26-сы жараланған. Күдікті қазір қамауға алынды. Полицияның болжамынша, ол мұндай әрекетке нәсілшілдік пиғылмен барған.

Дәл сол күні Огайо штатының Дейтон қаласында бейбіт тұрғындарға тағы бір шабуыл жасалды. Соның салдарынан 9 адам қаза тауып, 27-сі жараланды. 24 жастағы күдікті полициямен қақтығыста мерт болған. Дегенмен, бұл шабуылдың себептері әзірге белгісіз.

Ал Иллинойс штатының Чикаго қаласында болған үшінші атыстан кемінде 7 адам жараланды. Оқиға жергілікті саябақтың балалар алаңында болған. Қазір полиция ізін суытып үлгерген күдіктіні іздестіріп жатыр.

Ел билігі бұл оқиғаларды терракт деп бағалап, соттан қолға түскен күдікті үшін өлім жазасын сұрайтынын айтты.

Қайғылы жағдайға байланысты Ақ үй басшысы Дональд Трамп алдағы үш күнді қаралы деп жариялап, мемлекеттік туды төмен түсіруді тапсырды.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу