Италияның Венеция қаласында круиздік лайнер туристік катермен соқтығысып қалды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиғадан кемінде бес адам зардап шеккен. Олар АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия азаматтары. Апат Сан-Марко алаңына апаратын Джудека каналында болды.
Алып кеме жылдамдықты дер кезінде баяулатып үлгермей, жағалауда тұрған екінші су көлігіне соғылған. Лайнер иесінің айтуынша, ол қаладағы жолаушылар терминалына тоқтауы тиіс еді. Алайда, техникалық ақауға байланысты бұл мүмкін болмады. Оны бағыттаушы екі буксир де қақтығысты тоқтата алмаған.
Венеция - крузидік лайнер саяхаттары үшін таптырмас жер. Дегенмен, одан келетін қауіп те аз емес. Сондықтан апаттан кейін қалада үлкен кемелерге тыйым салу туралы ұсыныстар қайта көтеріліп жатыр.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ