Ресейде каршеринг қызметі қарқынды дамып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде каршеринг қызметі қарқынды дамып жатыр

20.05.2019

Каршеринг немесе автокөлікті қысқа мерзімге жалға алу. Қазір бұл қызмет түрі Мәскеу қаласында қарқынды дамып жатыр. Себебі мұндай сервисті пайдалану, өз автокөлігіңе немесе таксиге қарағанда арзан. Жолаушы көлікті пайдаланған әрбір минуты үшін ғана ақы төлейді. Есесіне жанармай, автотұрақ және сақтандырудың барлығы тегін. Сондықтан мәскеуліктер жаппай каршерингке көшіп, оны пайдалану жағынан, айналдырған 4 жылдың ішінде, әлемде 2-ші орынға шықты.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

- Автокөлікті қысқа мерзімге жалға алу үшін ұялы телефонға орнатылған қосымшаны пайдаланамыз. Мысалы, мен таңдаған көлік жақын жерде тұр екен. Ең алдымен, келген соң көлікті айналып қарап шығу керек. Себебі автомобильдің сырылған немесе соғылған жерлерінің бар-жоғын тексеру үшін. Отырғаннан кейінгі алғашқы қадамымыз - автокөліктің құжаттарының, сақтандыру полисінің бар-жоғын тексеріп аламыз. Бәрі орнында. Жалпы көліктің іші таза, ыңғайлы. Бәрі дайын, оталдырып алыңыз да, жүре беріңіз.

Каршеринг – өте ыңғайлы сервис. Себебі мұндай автокөліктерді Мәскеудің кез келген жерінен табасыз. Ал, діттеген жеріңізге жеткен соң, жолдың шетіне қойып, кете беруге болады. Бастысы, бағасы қымбат емес.

Екатерина Макарова, каршерингтік компанияның құрылтайшысы:

- Тұтынушы автокөлікті неше минут пайдаланады, соның ақысын ғана төлейді. Ал, қалғанының бәрі тегін. Мәселен, көліктер сақтандырылған, оларға үнемі жанармай құйылып тұрады, автотұрақтың ақысы төленеді. Тіпті, машиналарды уақытылы жуып-тазалап тұрамыз.

Мәскеуліктер үшін орталықтан автотұрақ табу - қияметтің қайымы. Тапқан күннің өзінде бағасы удай. Кей жерлерде сағаты 380 рубль, яғни 2 мың теңгеден асуы мүмкін. Ал, каршерингтің әрбір минуты – 8 рубль ғана. Автотұрақ тегін. Сондықтан мәскеулік Тамара Шепягина жеке көлігін сатып жіберіп, осы каршерингке көшті.

Тамара Шепягина, Мәскеу қаласының тұрғыны:

- Мен каршерингті үнемі пайдаланамын. Себебі орталықта тұрғандықтан, өз көлігің болса, оны қоятын жер таппайсың. Ал, каршерингті керек кезде ғана жалға ала саласың. Оның үстіне бұл таксиге қарағанда арзан әрі бизнес санаттағы жайлы көліктерді де таңдап мінуге болады.

Мәскеуде каршерингті күн сайын 65 мың, ал бір жылда 23 миллион адам қолданады. Бірақ бұл қызмет түрі жолаушыларға жақсы болғанымен, таксисттердің бас аурына айналды.

Александр Жосан, таксист:

- Каршерингтің жүргізушілері тым қатты жүреді, жол ережесін сақтамайды. Себебі өзінің жеке көлігі болмағасын, жалға алынған машинаны аямайды. Соның кесірінен, жол апаты да жиі болып тұрады. Сондықтан мен каршерингтің көлігін көрсем, аулақ жүруге тырысамын.

Қазір Мәскеуде каршерингпен айналысатын 10 шақты компания мен олар жалға беретін 17 мың автокөлік бар. Бұл жағынан, Ресей астанасы, әлемде, әзірге Токиодан соң, екінші орында тұр. Алайда болжам бойынша, биыл жапониялық мегаполисті де басып-озуы мүмкін. Себебі Мәскеуде бұл қызметке сұраныс та, ұсыныс та күшті болып тұр.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу