Түркияда дауыс беру аяқталды
Уақыт айырмашылығына байланысты Түркияда дауыс беру учаскелері жаңа ғана жабылды. Елдегі төрт сайлау учаскесінде тіркелген отандастарымыздың басым бөлігі дауыс берді. Түрлі себеппен жырақта жүрсе де, ел болашағына бей-жай қарамай, таңдау жасаған азаматтардың арасында студенттер, кәсіпкерлер мен дәрігерлер де бар.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркиядағы төрт сайлау учаскесінде бюллетендерді санау басталып та кетті. Бүгін таңғы жетіден бері ел болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар таңдау жасап, елден жырақта жүрсе де азаматтық ұстанымдарын көрсетті.
Дастан Темірбеков, дәрігер:
Шетелде қызмет бабымен жүргенімізбен, Қазақстан біздің отанымыз, сондықтан оған немқұрайлы қарай алмаймыз. Бала шағамыздың келешегі өзіміздің келешегіміз. Сол үшін Қазақстанымыз үшін қаншалықты жанымыз ашитынының көрінісі ретінде келіп, бала шағамызға да көрсетіп, бір жағынан өнеге болсын деп алып келдік. Өзіміздің азаматтық борышымызды өтедік. Еліміз аман болсын! Қазақстанымыз жасай берсін!
Түркияда бірнеше ірі жобамен айналысып жүрген Зиядин Гасанов белгілі кәсіпкер. Жұмысым қауырт болса да ел болашағы үшін ешқашан сайлаудан қалып көргенім жоқ дейді ол.
Зиядин Гасанов, кәсіпкер:
Меніңше, бүгін қазақстандықтар үшін тарихи күн. Себебі бірінші рет бір палаталы парламентке дауыс беріп жатырмыз. Оның Құрылтай аталуы да тарихи шешім. Жақында жаңа конституция қабылдадық. Осылайша Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне көтерілді деп айта аламын. Бұл экономикада болсын, саясатта болсын. Қазір Президент халықтың әл ауқаты жақсарып, қазақстандықтардың жақсы өмір сүруі үшін тиімді саяси бағыт ұстанып келеді. Бұл бейбітшілік пен келісім.
Сайлау учаскелері Түркияның төрт қаласы, яғни Анкара, Ыстамбұл, Измир мен Анталияда жұмыс істеді. Олардың ешқайсында заңбұзушылық тіркелмеген.
Серікбол Байтемір, Ыстанбұлдағы №419 сайлау учаскесінің төрағасы:
ҚР Ыстанбұлдағы №419 сайлау учаскесі өзінің жұмысын аяқтады. Қазіргі уақытта барлық тіркелген азаматтардың басым көпшілігі өз дауыстарын берді. Дауыс беру барысында ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ. Барлығы заңға сәйкес өткізлді.
Шет мемлекеттерде барлығы 61 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Ондағы бюллетендер бүгін түні бойы саналып, нақты қорытындысы ертең белгілі болмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы