Израильде парламенттік сайлау өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израильде парламенттік сайлау өтіп жатыр

09.04.2019

Израильде зағип жандар парламенттік сайлауда алғаш рет қалаған кандидатына тәуелсіз дауыс беріп жатыр. Өйткені, олардың құлағына бюллетень бетінде жазылған үміткерлердің немесе партияның атын оқитын кішкентай ғана чип орнатылған. Көзі көрмейтін адамдарға туыстарының көмегі дауыс беру бөлімшесіне жету үшін ғана қажет болыпты.

Кандидаттарға келсек, қазіргі премьер-министр Биньямин Нетаньяху «Ликуд» партиясымен жеңіске жетіп, үкіметке бесінші рет жетекшілік етуден үмітті. Егер бұл мақсаты орындалса, ол Израилді ұзақ басқарудан мемлекеттің негізін қалаған Бен Гурионнан да асып түседі. Дегенмен, кейбір болжамға қарағанда, Нетаньяху жеңілуі де мүмкін. Өйткені, сайлауға 40 күн қалғанда, Израиль бас прокуратурасы бизнестен қымбат сыйлық алды деген күдікпен оған қарсы қылмыстық іс қозғайтынын мәлімдеді. Нетаньяху өзіне тағылған кінәні жоққа шығарып отыр.

Премьердің бүгінгі сайлаудағы басты қарсыласы – Бени Ганц. Бұрынғы генералдың халық алдындағы беделі өте жоғары. Ганц 38 жыл бойы әскерде қызмет етіп, десанттық батальонның қатардағы жауынгері дәрежесінен Израиль армиясы бас штабының қолбасшысы шеніне дейін көтерілді.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу