Трамп та «Боингтерді» қондырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп та «Боингтерді» қондырды

14.03.2019

АҚШ та Боинг-737 МАХ8  және 9  ұшақтарын қондырған елдер қатарына қосылды. Бұндай шешімді президент Дональд Трамп қабылдады. Ол Америкада «макс» үлгісіндегі лайнерлердің барлығының ұшуына тыйым салуға бұйрық беретінін атап өтті. «Бізді ең алдымен барлық америкалықтардың қауіпсіздігі алаңдатады», - дейді Ақ үй басшысы.

Айта кетсек, жексенбі күні Эфиопияда дәл осындай модельді әуе кемесі құлап, 157 адам қаза тапты. Бұл – осы үлгідегі ұшақтардың соңғы бес айдағы екінші апаты: 2018 жылы қазан айының соңында Индонезияның Lion Air компаниясының Boeing 737 Maх 8 лайнері Ява теңізіне құлап, 189 адам мерт болды. Авиация мамандарының айтуынша, екі трагедияның себебі бір-біріне ұқсас.

Осыған дейін мұндай «боингтерді» Еуропа одағы елдері, Қазақстан, Қытай, Индонезия,  Түркия, Үндістан, Сингапур, Канада және тағы басқа мемлекеттер сапарға аттандырудан бас тартқаны белгілі.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу