Пәкістан мен Үндістан арасында жанжал күшейді

27.02.2019

Екі ядролық мемлекет - Пәкістан мен Үндістан арасында жанжал күшейіп келеді. Олар бүгін даулы Кашмир аймағындағы шартты шекарада бір-біріне оқ жаудырды. Атыс кезінде Пәкістанда 4 бейбіт тұрғын қаза тауып, он шақтысы жараланды. Ал, Үндістан бес жауынгерінің зардап шеккенін хабарлады.

Сонымен қатар, аймақта мектептер жабылып, халық қауіпсіз жерге қашып жатыр. Өзге бір мәліметтерге қарағанда, Пәкістан өзінің әуе кеңістігін толық жапқан. Ал, Үндістанның солтүстігінде 9 әуежай жұмысын доғарып, елдің авиациялық кеңістігін шетел ұшақтары айналып өтіп жатыр. Мұның алдында Пәкістан өз аспанында Үндістанның екі әскери ұшағын атып түсіріп, екі пилотын тұтқынға алды. Ұшақтардың бірі Кашмирдің үндістандық, екіншісі пәкістандық бөлігіне құлаған. Мұны «France-Presse» агенттігі хабарлап отыр. Үндістан бір ұшақ пен бір пилот жоғалтқанын растады. Осы айдың ортасына таман Кашмирдің Үндістанға қарайтын аумағында жанкешті жарған бомбадан 40-тан астам жауынгер мерт болды. Содан кейін Дели бұл шабуыл үшін Пәкістанды айыптап, «Джаиш әл-Мұхаммед» тобының лагерін бомбалап, жүздеген содырды мерт қылғанын хабарлады. Бірақ мұның бәрін жоққа шығарған Пәкістан Үндістан оқ атса, оған жауап беретінін ескерткен еді.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу