Венесуэлада оппозиция лидері Хуан Гуаидо өзін президент деп жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Венесуэлада оппозиция лидері Хуан Гуаидо өзін президент деп жариялады

24.01.2019

Венесуэла парламентінің төрағасы Хуан Гуаидо өзін уақытша президент деп жариялап, ант берді. Көп кешікпей Ақ үй басшысы Дональд Трамп оны мемлекет басшысы деп мойындады. Мыңдаған адамның алдында сөз сөйлеп тұрып, оппозиция лидері өтпелі үкімет құрып, сайлау өткізетінін мәлімдеді. Америка мемлекеттерінің ұйымы да 35 жастағы Гуаидоны Венесуэла лидері деп таныған.

Президент Николас Мадуро АҚШ-пен арадағы саяси байланыстарды үзіп, америкалық дипломаттарға елден кетуге 72 сағат уақыт берді. Айта кетсек, бұрынғы автобус жүргізушісі Мадуроның тұсында елде инфляция деңгейі миллион пайыздан асып, азық-түлік пен дәрі-дәрмек таусылуға жақындады. Миллиондаған адам шетелге қашты. Қазір Венесуэлада сан мың адам көшеге шығып, Мадуро билігіне наразылық білдіріп жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, полиция мен демонстранттар арасындағы қақтығыс кезінде кемінде 4 адам мерт болған.

Арыстан РЫСБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу