2026 жылы футболдан Әлем чемпионатын өткізуге үміткер елдер жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2026 жылы футболдан Әлем чемпионатын өткізуге үміткер елдер жарияланды

10.05.2018

Брюссельде Халықаралық спорт баспасөзі қауымдастығының 81-ші конгресі өтіп жатыр. 1924 жылы Парижде құрылған қауымдастық бүгінде 150-ге жуық елдің ұлттық журналистер одағын біріктіреді.

Бельгия астанасында ұйымдастырылған шараға әлемнің 100 елінен спорт тақырыбына қалам тербейтін 200-ден астам журналист пен Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының өкілдері де қатысып жатыр. Конгресте бұқаралық ақпарат құралдарының әділдігі сөз болып, сандық технологияның спорттық шараларда әділ шешім шығаруға ықпалы талқыланды.

Сондай-ақ, 2026 жылы футболдан Әлем чемпионатын өткізуге үміткер елдердің есімдері жарияланды. Дүбірлі доданы АҚШ,  Канада, Мексика үшеуі бірігіп ұйымдастырудан үмітті. Олардың басты қарсыласы-Марокко. Қазақстандық делегация өкілдері де жиында өз ұсыныстарын білдірді. 

Ілияс Омаров, «Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- Азия құрлығы басқосуында біз қысқы спорт түрлері бойынша комитеттің жұмысын қайта жандандыру мәселесін көтердік. Бұл Азия спорт баспасөзі үшін өте өзекті мәселе. Оның үстіне, соңғы кездері тіпті, қар мүлдем жоқ елдердің өзінде қысқы спорт түрлері жақсы дамып келеді. Мысалы, мәнерлеп сырғанауға Араб елдерінде қызығушылық артты. Яғни, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Қазақстан, осы 4 держава комитет аясында Араб елдерімен, Иранмен, жалпы, өзге мемлекеттермен қысқы спорт түрлері бойынша тың тәжірибесімен бөлісер еді.  

Нұрсұлу ҚАСЫМ   

Хабарламаларға жазылу