Аббас ПАЕҰ төрағалығына қайта сайланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аббас ПАЕҰ төрағалығына қайта сайланды

04.05.2018

Палестина лидері Махмұд Аббас Палестинаны азат ету ұйымы атқару комитетінің төрағалығына қайта сайланды. Мұндай шешім Рамаллада өткен төрткүндік кездесу соңында бір ауыздан қабылданды.

Халықаралық қауымдастық Палестинаны азат ету ұйымын Палестина халқының жалғыз ғана заңды өкілі деп есептейді. Ал, оның атқару комитеті – ең жоғары саяси орган.

82 жастағы Аббас әлем жұртына Әбу Мазен деген атпен де танымал. Ол – Палестина мемлекетін құру жолындағы күреске ғұмырын арнаған ардагер саясаткерлердің бірі.

Махмұд Аббас автономия билігіне 2004 жылы қараша айында Ясир Арафат қайтыс болғаннан кейін келді. Ол 1993 жылы Израильмен жасалған уақытша бейбіт келісім авторларының бірі. Айта кетсек, сол пәтуа нәтижесінде Палестина Батыс жағалау мен Газа секторына билік ету құқығына ие болды. Бұған қоса, Аббасты АҚШ әкімшілігі де қолдап келеді.

 

Арыстан РЫСБЕК

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу