ҰҚКҰ елдерінің әскери қауіпсіздігі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰҚКҰ елдерінің әскери қауіпсіздігі

09.03.2018

Биыл Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы былтырғыға қарағанда әскери жаттығуларды көбірек өткізгелі отыр. Оның үстіне 2018 жылы тұңғыш рет бірлескен авиациялық күштердің жаттығуы болады. Себебі, ОДКБ-ға мүше мемлекеттердің әскери қауіпсіздігіне төніп тұрған қатерлердің саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл туралы Мәскеу қаласында өткен баспасөз-мәслихаты кезінде осы ұйымның біріккен штабының бастығы Анатолий Сидоров мәлімдеді. Оның айтуынша, Қапқаз және Орталық Азия өңірлеріндегі қауіп-қатер күшейіп тұр. Ол ұзақ жылдардан бері жалғасып келе жатқан кикілжіңдермен, ал ең бастысы Сирия жанжалымен байланысты. Мәселен, қазір Сирия аумағындағы «ДАИШ» ұйымының құрамында Орталық Азия елдерінің 3 мыңға тарта азаматы соғысып жүр. Ауғанстандағы террористердің де көбеймесе, азаяр түрі жоқ. Сондықтан, мұндай қауіппен бүкіл Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымының барлық мемлекеттері бірлесіп күресуі керек.   

Анатолий Сидоров, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы біріккен штабының бастығы:

- Орталық Азия елдеріне әсер ететін негізгі қауіптің бірі - Ауғанстандағы халықаралық террористік ұйымдардың белсенді әрекеті. Бұл елден таралатын діни экстремизм мен есірткі саудасы да барынша қауіпті. Кейбір деректер бойынша, Ауғанстандағы лаңкестердің саны 70 мыңға жуық. Сонымен қатар, соңғы кездері «ДАИШ» ұйымының да белсенділігі артып келеді. Сириядағы жанжалда әскери тәжірибе жинаған бұл лаңкестердің Орталық Азиядағы өз отандарына оралуы өте қауіпті.  

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

 

Хабарламаларға жазылу