Кентукки штатындағы мектепте атыс болып, 2 адам қаза тапты

24.01.2018

АҚШ-тың Кентукки штатындағы мектепте атыс болып, 2 адам қаза тапты. Жараланғандар саны 19-ға жетті. Полицияның мәліметінше, оқиға Бентон қаласында болған. Жергілікті уақытпен сағат таңғы 8 шамасында сол мектепте оқитын 15 жастағы жасөспірім сабақ енді басталғанда оқушыларға оқ жаудырған. Ауыр жараланған бір қыз сол жерде жан тапсырды. Ал, бір ер бала ауруханаға жеткізілген бойда қайтыс болды. Тұтқындалған оқушыға қастандықпен адам өлтірді деген айып тағылды. 

Әзірге полиция жасөспірімді ауыр қылмысқа не итермелегені жайлы ақпарат берген жоқ. Болжамдарға қарағанда, ол бұл қастандықты жалғыз ұйымдастырған. Қазір жараланғандарға көмек көрсетіліп жатыр. 

Оскар Гуиламондегуй, дәрігер:

- Бұл өте қайғылы жағдай. Бізге түскен оқушылар - 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Олардың үшеуі басынан жараланған. Өкінішке қарай, біреуін аман алып қала алмадық.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу