Басты Жаңалықтар Қарғалы ауылындағы тұрғын үйде су құбыры жарылып, жұртты әбігерге салды

Қарғалы ауылындағы тұрғын үйде су құбыры жарылып, жұртты әбігерге салды

Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданы Қарғалы ауылының тұрғындары қыстың көзі қырауда сусыз қалды. Ескі құбыр жарылып, қос қабатты үйдің жертөлесі суға толып кеткен. Бірақ, бес күннен бері ешкім көмекке келмеген. Осылайша, жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырған тұрғындар түк нәтиже таппаған соң бүгін арнамызға хабарласты.

Бұл Қарғалыдағы сонау 1950-ші жылдары салынған үйлердің бірі. Әбден тозған су құбыры қыс келгенде жарылып, тұрғындарды әбіргерге салды. Бүгін судың тоқтаусыз ағып жатқанына бесінші күн. Бірақ, жауапты мамандар күнде «ертең келеміз», деп жүргенде су сыртқа шығып, есік алды мұз болып қатып қалған.

Арман Болатханов, Қарғалы ауылының тұрғыны:

- 5 күн болды. Ертең келеміз деп айтады. Оларға ертең сағат 10-нан бастап қоңырау шаламыз. Сағат 4-5-те бір-ақ келеді.

Тұрғындардың айтуынша, бұл құбырлардың күрделі жөндеу көрмегеніне 60 жылға жуықтапты. Ал, осындай жағдайды болдырмау үшін олар жаздан бастап қимылдаған. Бірақ, қанша арызданса да, құбырды жөндеушілер құлақ аспапты.

Людмила Черданцова, Қарғалы ауылының тұрғыны:

- Қайда барсақ та, кімге жазсақ та, ешкім ештеңе істеген жоқ. Тіпті, саусағының ұшында қимылдатпады. Бір-біріне сілтейді. Қазір кімге баратынымызды білмей отырмыз.

Ауылдық әкімдіктегілер «бұл құбырларды толық жөндеу мүмкін емес», - дейді. Өйткені, бірін жамасаң, екіншісі жарылады.

Бауыржан Башенов, Қарғалы ауылы әкімінің орынбасары:

- Біз айттық, уәде бердік. Мына ескі трассаны жасап береміз көктемге дейін. Қазір көрдіңіздер өздеріңіз, суды сорғымен тартып шығарып жатырмыз. Өйткені, суды қазір суық кезде өшіруге болмайды.

Бұл мәселе толық шешілуі үшін «Тұрғындар жаңа құбырға ауысуы керек», - дейді мамандар. Алайда, құрылысқа қажетті қаржыны тұрғындар қалталарынан шығарып, төлеуі тиіс. Өйткені, бұл жеке тұрғын үй. Ал, қазір Қарғалы ауылының 35 пайызында осындай ескі құбырлар тұр.

 

Амангелді СЕЙІТХАН

Бөлісу