Иран: жұмыртқадан жұмыр саясатқа дейін
Қазір әлем назары Иранға ауып отыр. Бірнеше қаласында халық көшеге шығып, соңы қақтығыстарға ұласты. Адам шығыны да көбейіп келеді. Елде орнатылған қатаң тәртіпке қарамастан, көптеген қалалар мен елді мекендерде халықтың көшеге шығып, билікке ашық түрде талап қоюы ондағы ішкі ахуалдың күрделі екендігін байқатады. Азық-түлік, оның ішінде құс еті мен жұмыртқа бағасының күрт өсуі онсызда титықтап отырған халықтың ашуын тудырған. Осы орайда шиеленісе түскен жағдайды пайдаланып кетуді ойлаған саяси күштер көшедегі халықтың талабын өзгертіп үлгерген.
Жұмыртқадан жұмыр саясатқа дейін. Ирандағы қазіргі жағдай осындай картинаны көрсетіп тұр. Құс еті мен жұмыртқа бағасы бірден 40 пайызға көтерілді. Осыған бола, халық көшеге шықты дейтін болсақ, халықтың қолжетімді азығы тек осы болуы мүмін. Әйтпесе, Иран көмірсутекті ресурсқа бай ел. Теңізге шыға алатын мүмкіндігі бар. Халқы 80 млн-нан асады. Елдің жалпы ішкі өнімі 1 трлн. доллардың үстінде. Жан басына келер табыс 19 мың доллардың айналасында. Экономикалық өлшем бойынша жақсы көрсеткіш. Бірақ, одан ішкі әлеуметтік жағдайы жақсармай тұр.
Томирис Тастанбекова, шығыстанушы:
- Шыны керек, Иранда көптеген мәселе шешілмеген. Қазіргі кезде осы наразылық толқыны 8 жылдың ішіндегі ең үлкен толқын болып есептеледі. Осындай толқын 2009 жылы болды. Негізі, Иран өте жабық, консервативті мемлекет. Бірақ, зайырлы ұрандардың айтылуы Иранға үлкен өзгерістер әкеледі. Оған ешқандай күмән жоқ.
Енді азық-түлік бағасынан бөлек, халықтың басқа талаптары қандай? Үкіметтің Сириядағы жағдайды реттеуге қаржы бөлуі, қорғаныс саласындағы шығындардың артуы және жұмыссыз халықтың күрт өсуі. Ал, аймақтағы ұстанымы бойынша Сирияда Ресеймен бірге Башар Асадтың билігін қолдаған мемлекет. Ал, АҚШ Иран халқының кез келген талабын қолдауға дайын екендіктерін бұдан бұрын айтып қойған. «Сол себепті, халықтың көшеге шығуына сыртқы күштердің әсері бар», дейді Иран билігі.
Хабиболла Ходжастехпор, Лорестан провинциясы губернаторының орынбасары:
- Осы қақтығыстарға «Такфири» тобының, үкімет жауларының, шетел барлау қызметтерінің қатысы бар екеніне дәлел таптық. Қауіпсіздік күштері мен полицейлер ешкімге оқ атқан жоқ. Бірақ, адамдар құрбан болды. Біз шерудің бейбіт аяқталғанын қалап едік.
Бұған дейінгі шерулердің нақты талабы мен оның көшбасшылары болды. Мысалы, сайлау қорытындысы бойынша келіспеушіліктер. Ал, қазіргі жағдай халық шыдамының таусылып, іштегі қайнаудың сыртқа шыққан көрінісі. Бірақ, бұл толқыныс ұзаққа бармауы мүмкін.
Қуанышбек Қари, шығыстанушы, сарапшы:
- Қазір жүздеп қамап жатыр. Шеруді күшпен басатын сияқты. Күшпен басуда әскери полициясы емес, Иранның Аятоллаға қарайтын Ислам корпусы, сақшылары кірісіп жатыр. Президент ескерту жасағандай болды, енді бұл наразылықты күшпен басатыны көрініп тұр.
Тағы бір мәселе, Иран ядролық қаруға ие. Оқтұмсықтары алысқа ұшпаса да, Жерорта теңізі жағасындағы Израильге және маңайындағы Араб елдеріне қас-қағым сәтте жетуге қауқарлы. Сондықтан, АҚШ пен Ресей сияқты супер ядролық державаға айналса ғана басына тыныштық орната алады. Болмаса, бас амандығы үшін ядролық қаруын түгел жойып, геосаясаттағы позициясынан айырылуға тура келеді.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы