Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея шекарасында жедел телефон байланысы қайта іске қосылды. Ол - екіжақты келіссөздерді қайта бастауға қажет. Мұны Оңтүстік Корея Қорғаныс министрлігінің өкілі хабарлады.
Жоспар бойынша желі бүгін жергілікті уақытпен сағат 6:30-дан бастап ашық. Корея Республикасы Пхеньянның бұған келісуін позитивті жауап деп бағалады. Айта кету керек, кейінгі кездері бұл түбекте Солтүстік Кореяның ядролық және зымырандық сынақтары үшін жағдай шиеленісіп кеткен еді.
Айта кетсек, бүгін таңертең Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын Сеулмен байланыс орнату үшін Панмунджом шекаралық телефон желісін ашуға бұйрық берді. Ол бойынша екі жақ ең алдымен Қысқы Олимпиада ойындарына солтүстіккореялық спортшыларын қатыстыру мәселесін талқылайды.
Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ