АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалимді Израилдің астанасы деп жариялауына қарсы шерулер мұсылман елдерінде жалғасып жатыр. Бүгін Индонезия астанасы Джакартада мыңдаған адам АҚШ елшілігінің алдына жиналды. Наразы жұрт ашуға ерік беріп, Америка мен Израильдің туларын өртеді. Сонымен қатар, демонстранттар «Палестинаны құтқару керек» деп ұрандатты.
Дәл осындай манифестация Бангладеште де өтті. Мұнда екі мыңғы жуық мұсылман ел астанасы Даккада Құрама Штаттардың елшілігі алдына жиналмақ болды. Бірақ, полиция олардың жолын жауып, кедергі жасаған. Шерушілердің пікірінше, Вашингтонның шешімі Таяу Шығыста ғана емес, бүкіл әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіреді.
Ал, Стамбулда халық Трамптың портреті мен Американың туын жақты. Сонымен қатар, сан мың адам Палестинаны қолдап, Вашингтонның әрекетіне тойтарыс беру үшін бірігуге шақырды.
Айта кетсек, Трамптың Иерусалимге Израильдің астанасы деген мәртебе беруіне тек мұсылман елдері ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропа одағы, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Қытай және тағы басқа мемлекеттер де қарсылық білдірді. Ал, Түркия президенті Израильді лаңкес ел деп атады.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:
- Трамп, сізде мұндай билік жоқ. Палестина 1947 жылдан бері оккупацияда. Ал, Израиль – басқыншы мемлекет. Израиль – террорист мемлекет. Трамп мырза, біз сіз жіберген қателікке көне алмаймыз.
Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ