Жапонияда қарттар үшін ауруханаларда орын жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жапонияда қарттар үшін ауруханаларда орын жоқ

21.11.2017

Жапонияда ауруханаларда орын жетпегендіктен, үйлерінде қайтыс болатын қарттардың саны көбейіп барады. Тіптен, жазылмайтын дертке шалдыққан қариялардың өзін дәрігерлердің қабылдай алмайтын жағдайлары жиі кездеседі. Елде мұндай ахуалдың қалыптасуына қоғамның қартаюы себепші. Статистикаға жүгінсек, мұнда төрт тұрғынның біреуі - 65 жастан асқандар. Болжамдарға қарағанда, Жапония ауруханаларында 2030 жылға қарай жетіспейтін орындар саны 470 мыңға жетуі мүмкін.

Мәселен, 89 жастағы Катсуо Сайто лейкемиямен ауырады. Ауруханада бос орын болмағандықтан, ол үйінде жатып емделуге мәжбүр. Дегенмен, ақсақал бала-шағасына ауыртпалық түсіргісі келмейтінін айтады. Ал, ауруханаға жатайын десе, оның алдында 70 адам кезекте тұр екен.

Юу Иасуи, емдеу клиникасының басшысы:

- 2025 жылға дейін шара қолданбасақ, Жапонияда ауырған адамдар дүниеден өтетін орын таппай қиналатын жағдайға жетеді. Денсаулық сақтау саласында реформа қажет. Өз басым қарттарға өмірінің соңғы сәтінде дәрігерлер үйлеріне барып, көмектессе деген идеяны қолдаймын.

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу