Нью-Делиде ауаның ластануы қауіп төндіріп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нью-Делиде ауаның ластануы қауіп төндіріп тұр

07.11.2017

Үндістан астанасы Нью-Делиде ауаның ластануына байланысты дәрігерлер халық денсаулығына қауіп төнгенін жариялады. Соңғы деректерге жүгінсек, атмосферада улы заттар мөлшері күрт артқан. Сондықтан, Үндістанның медициналық ассоциациясы жергілікті оқу орындары мен қоғамдық мекемелерді жабамыз деп отыр. Сондай-ақ, қарашаның 19-на жоспарланған марафон кейінге қалдырылды.

Қазір қаланы қалың тұман басып, тұрғындар көздері жасаурап, қызарып, тамақтары ауырып, тыныс алу қиындағанын айтып шағымдана бастаған. Әуе қатынасы мен теміржол қозғалысы да кедергіге тап болды. Көру мүмкіндігі күрт төмендеп кеткендіктен, 20 шақты әуе рейсі доғарылып, пойыздар кешігіп, жолаушылар әбігерге түсті. Ауаның мұнша ластануына көліктер мен құрылыс алаңдарынан тараған шаң-тозаң себеп болып отыр.

Кришан Кумар Агарвал, Үндістан медициналық қауымдастығының президенті, доктор:

- Қазір Нью-Делиде адамдардың денсаулығына қауіп төніп тұр. Мектептер жабылып, тұрғындарға үйлерінен шықпауға кеңес берілді. Әсіресе, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер, балалар мен демікпеге шалдыққандарға қатаң ескерту жасалды. Басқалар да сақ болуы тиіс.

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу