АҚШ-тағы дауылдан келген шығын 40 млрд. доллардан асуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тағы дауылдан келген шығын 40 млрд. доллардан асуы мүмкін

28.08.2017

АҚШ экономикасына «Харви» дауылынан келген шығын 40 миллиард доллардан асып кетуі мүмкін. Мұны бүгін «CNN» телекомпаниясы хабарлады.

«Харви» Техас жағалауына сенбіге қараған түні соққы берді. Оның жылдамдығы сағатына 215 шақырымға жеткен. Жауындатып соққан дауылдан Хьюстонды топан су басты. Қазір мұнда көшелер өзенге айналып, адамдар қайықпен қатынауға мәжбүр.

Соңғы мәліметке қарағанда, 3 адам қаза тауып, 2 мыңдайы қауіпсіз жерге көшірілген. Сонымен қатар, талай үй құлап, электр жүйесі істен шығып, жүздеген мың адам жарықсыз қалды. Бұған қоса, тәулігіне 2 миллион баррельден астам жанармай өндіретін бірнеше зауыт жұмысын тоқтатқан.

Естеріңізге сала кетсек, 2005 жылы Америкаға «Катрина» дауылы соққы беріп, Жаңа Орлеан қаласы қирап, 1800-дей адам қаза тауып, материалдық зиян 125 миллиард доллардан асқан еді.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу