Қытай Ресейден Су-35 ұшақтарын сатып алатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытай Ресейден Су-35 ұшақтарын сатып алатын болды

19.11.2015
Қытай Ресейден   Су-35  ұшақтарын сатып алатын  болды
Қытай Ресейден   Су-35  ұшақтарын сатып алатын  болды

Ресей федерациясы Қытайға көпфункциялы Су-35 жойғыш ұшақтарын сататын болды. Екі елдің арасында осы мәселеге байланысты келісімшартқа қол қойылды. Қытай сатып алатын ұшақтардың жалпы құны 2 млрд доллар.

Ресей мен Қытайдың әскери-техникалық ынтымақтастығы туралы баспасөзге пікір білдірген «Ростех» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Сергей Чемезов Мәскеудің Бейжіңге 24 ұшақ сататындығын айтқан. Әр ұшақтың бағасы шамамен 83 млн доллар көлемінде екендігі белгілі болды. Осылайша, Қытай Су-35 ұшақтарын сатып алу үшін келісімшартқа қол қойған алғашқы мемлекет. Ресейлік бұл ұшақтарды сатып алуға ниет танытқан елдер аз емес. Алайда, әскери ұшақтардың саудасында тек экономикалық қана емес, саяси мүдде де бар. Сондықтан, әдетте қару-жарақ саудасында мұндай келісімдер сирек жасалады.

Су-35 ұшағы алыс қашықтыққа ұшатын жойғыш ұшақтардың бірі. Сарапшылар оны 4++ класына кіретін ұшақтардың қатарына қосады. Ұшақ сағатына 2,5 мың шақырым жылдамдықпен, 3,4 мың шақырым қашықтыққа ұша алады. Әзірге бұл ұшақ тек Ресей қаурлы күштерінде ғана бар. Қазақстан әскеріндегі «Су» сериялы ұшақтардың ең жаңалары өткен көктемде алынған Су-30СМ ұшақтары. Дегенмен, 2012 жылы ресейлік баспасөз KADEX-2012 көрмесіне әкелінген МиГ-35 ұшақтарына Қазақстан тарапының қызыққанын жазған болатын. Бірақ, нақты келісімшарт немесе ұшақ өндіруші жаққа жасалған ұсыныстар туралы дерек жоқ.

Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу