Қазақстан Қарулы Күштері Ресейден тағы да «СУ-30 СМ» жойғыш ұшақтарын алатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Қарулы Күштері Ресейден тағы да «СУ-30 СМ» жойғыш ұшақтарын алатын болды

24.05.2018

Бұл жолы 8 данасын. Тараптар «KADEX - 2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі аясында осындай келісімшартқа қол қойды.

Әуедегі әскери әлеуетіміз әлденіп келеді. Бұған Ресей мен Қазақстан арасындағы тағы бір келісімшарт дәлел. Біздің Қарулы Күштеріміз «СУ-30СМ» жойғыш-ұшақтарының тағы 8-ін алатын болды. Ұшақтар 2020 жылға дейін біртіндеп әкелінеді.

Арман Рамазанов,  «Қазарнаулыэкспорт» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры:

- Бұл кезекті келісімшарт. Өздеріңіз білетіндей, біз Ресей Федерациясының әскери техникасын бұған дейін де алғанбыз. Осы келісімшарт арқылы біздің Қарулы Күштеріміз тағы да әлдене түседі деп сенеміз.

Жалпы, «СУ-30СМ» жойғыш-ұшағын еліміз 2015 жылдан бері «Иркут» корпорациясынан алып келеді. Бұл әуе кемесінің ерекшелігі - әмбебаптығында. Ол әуедегі, құрлықтағы және су астындағы нысандарды жоя алады. Заманауи радарлары тағы бар.

Қайрат Баймаханов, ҚР  Мемлекеттік авиация ұшу қауіпсіздігі бас басқармасының басшысы:

- Ұшқыш еш алаңдамайды. Бұл ұшақта ақау болып қалады-ау деп уайымдамайды. Себебі, «СУ-30СМ» - барлық талаптарға сай. Біздің ұшқыштар бұл әуе техникасын барынша меңгерген. Еркін басқара алады.

Жалпы, «KADEX» көрмесінде «СУ-30СМ»  ғана емес. Көптеген ұшақтар бар. 18 дана әуе және ұшқышсыз басқарылатын техника қойылған. Шараның аясында ғарыш саласының соңғы жетістіктері көрсетілуде. Бұл біздің әуедегі Қарулы Күштеріміздің одан әрі қуаттала түсуіне сеп.

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу