«Әлеуметтік қамқорлық» шаралары: Үкіметтің жоспары қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әлеуметтік қамқорлық» шаралары: Үкіметтің жоспары қандай?

12.03.2019

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шаралары жарияланғалы бері бүгін тура екі апта өтті. Әлеуметтік саясаттың жаңа бағыттары туралы қарапайым халық естіп біліп отыр. Ендігі міндет оның дер кезінде орындалуы. Осыған жауапты  Үкіметтің жоспары қандай? Құзырлы министрліктерге қандай міндеттемелер жүктелді? Облыс әкімдері бұл бағытта халықпен қалай жұмыс істеу тиіс?

Жергілікті жерлердегі жоспарларды пысықтап халықтың пікірін ескеру үшін Елбасының тікелей тапсырмасымен Үкімет өкілдері аймақтарға арнайы жұмыс сапармен аттанды. Бүгін вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова бастаған жұмыс тобы Атырау облысында болды. Толығырақ, тілшіміз Ербол Мәндібек баяндайды.

Ербол Мәндібек, тілші:

«Әлеуметтік қамқорлық» шаралары негізінен үш бағытты қамтитыны мәлім. Біріншісі, күн көрісі төмен халықтың табысын арттыру, еңбекке араласуына, кәсіп ашуына қолдау көрсету. Екіншісі, еңбекақысы төмен азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу. Үшіншісі, өңірлерді кешенді дамыту, әсіресе әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру. Атырау халқымен болған кездесудің әлқиссасы осылай басталды.

Елбасы жариялаған жаңа әлеуметтік бастамалар елдің еңсесін көтеріп, тұрмысын түзеуге мол септігін тигізеді. Құрманғазы атындағы мәдениет үйіне жиналған халықтың ортақ ойы осындай. Жоғары билік өкілдерімен  бетпе-бет жүздескен жұртшылық көкейіндегі сұрақтарға жауап алды. Әсіресе, азаматтардың дені атаулы әлеуметтік көмектің берілу тәртібін сұрады. Айта кетейік, елімізде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың саны 571 мың болса, биылдан бастап ол 830 мыңға дейін ұлғайып отыр. 

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Осы атаулы көмекті алар кезде азаматтар көп сарсаңға түседі. Құжат жинайды. Қазір бір ереже дайындап жатырмыз. Сәуір айынан бастап ондай болмайды, тек қана арыз беру керек. Барлығын орындайтын жергілікті әкімдіктер мен жұмыспен қамту орталықтары бар.

Қазіргі таңда Атырау облысында екі мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Солардың бірі Гүлжан Тоқсанбаева. Кенжесі 5 айлық. Қалғандары мектеп жасында. «Әлеуметтік қамқорлық» шарасы аясында енді бұл отбасындағы әр балаға 21 000 теңге төленеді.

Гүлжан Тоқсанбаева,  көпбалалы ана:

Менің үлкен қызым мектепте оқиды, курстарға бергім келеді.

Атырау облысында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 3 мыңнан астам отбасы бар. Раина Ізбасарованың қызы туабітті сал ауруына шалдыққан. Осы уақытқа дейін Раинаға мемлекет 31 мың теңге жәрдемақы төлесе, енді оның көлемі 30 пайызға өсіп 41 500 теңгені құрады.  Мемлекет тарапынан жасалатын мұндай қамқорлыққа осы санаттағы барлық отбасылар ие болады. 

Раина Ізбасарова, Атырау қаласының тұрғыны:

Мен көпбалалы анамын. Үйде мүгедек қыз тәрбиелеп отырмын. Елбасының тапсырмасын естіп, жаңалыққа қуанып отырмыз. Бұл біз үшін үлкен көмек деп білемін. Елбасымызға көп-көп рахмет.

«Әлеуметтік қамқорлық» шарасы аясында көп балалы және мүмкіндігі шектеулі мүшесі бар отбасылар үшін 2 пайыздық тұрғын үй несиесі ұсынылып отыр. Оның негізгі ережелері назарларыңызда. Яғни, ең төменгі жалақы алатындарға айрықша басымдық беріледі. Үкімет осы мақсатқа алдағы үш жылда 150 млрд теңге жұмсайды.

Сонымен қатар, тұрмыс жағдайы төмен отбасылар үшін 40 мың пәтер салынады. Осылайша, кезекте тұрған 28 мың отбасының баспана мәселесін шешпек. Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасына сәйкес бюджеттік саладағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысы 1 шілдеден бастап 30 пайызға өсетіні мәлім. Осы мақсаттарға мемлекеттен биыл 115,7 млр теңге бөлінсе, алдағы жылдарға 234 млрд-тан астам қаражат қарастырылған.   

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Біздің қызметкерлер көмек қажет әр адамды жазып алды. Бұл мәселелерді жеке қараймыз.

Мемлекет жәрдемақыдан бөлек, кәсіп ашып еңбек етемін деген азаматтарға мейлінше мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, ауылдық жердегі ағайынға айрықша назар аударылады. Ата қоныстағы азаматтардың бизнес ашуына 6,5 миллионға дейін несие беріледі.

Тіпті, өзара бірігіп кәсіп бастаймыз десе  20 миллионға дейін қаржылдандыру тетігі қарастырылған. Атырау жұртшылығы осы және өзге де мәселелер бойынша көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Ал, ертең азаматтарды жекелеген мәселелелері бойынша қабылдау жоспарланған.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу