«Әлеуметтік қамқорлық». Үкімет мүшелері Атырау тұрғындарымен кездесті (Толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әлеуметтік қамқорлық». Үкімет мүшелері Атырау тұрғындарымен кездесті (Толығырақ)

13.03.2019

Атырау облысында көпбалалы аналардың әлеуметтік мәселесі әлі күнге өзекті күйінде қалып тұр. Өңірдегі тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың негізінен баспана алуы және жұмысқа орналасуы - күрделі проблема. Бүгін вице-премьер бастаған Үкімет өкілдері тұрмысы төмен отбасылардың үйіне арнайы барып, мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелеріне мән беріп, оны шешу жолдарын нұсқады.

Үкімет мүшелерінің Атырау облысына жасаған жұмыс жоспары өзгеше. Әдеттегідей кабинеттерде сағаттап жиналыс өткізіп, әкімдердің ұзан-сонар есебін тыңдаған жоқ. Оның орнына бар уақыттарын халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға бөліп, әрбір адамның мазалаған сұрағына жауап беруге тырысуда. Мәселен, күні кеше Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайына жиналған жүздеген адамның мәселесі тыңдалып, қағаз жүзінде қабылданды. Алдағы уақытта арыз-шағымдардың барлығына нақты жауап берілмек. Ал, бүгін таң атқалы көпбалалы отбасылардың үйлеріне арнайы барып, жағдайларымен танысты. Мәселен, жеті баланың анасы Кәмшат Сүгірғалиева әзірге мына жер үйді паналап жатыр. Отағасының айлығы бар болғаны 75 мың теңге.

Кәмшаттың мәселесі облыс басшылығының назарына алынды. Баспана алу кезегі жеткенше жергілікті билік жәрдем жасамақ. Ал, «Әлеуметтік қамқорлық» шарасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алуына мейлінше жағдай жасалмақ. Айта кетейін, вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет өкілдері Атыраудағы 7 отбасының ахуалымен танысты. Айтылған мәселелердің қатарында тұрғын үй, жұмысқа орналасу, кәсіп бастау, мемлекеттік жәрдемақыға қол жеткізу сынды проблемалар бар.

Өз кезегінде жергілікті биліктің жауапты тұлғалары мәселені шешуге барынша күш салып жатқанын жеткізді. Мәселен, мүгедек бала асырап отырған және көпбалалы отбасылар үшін бөлек тұрғын үй кезегін құру жоспарлануда.

Түс ауа азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізілді. Бұл жерде де әрбір адамның пікірі ескеріліп, айтқан проблемалары жергілікті жердегі жауапты тұлғаларға қатаң тапсырылды. Айта кетейін, дәл қазір Үкімет мүшелерінің жұмыс сапары Батыс Қазақстан облысында жалғасуда.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу