Әлеуметтік қамқорлық. Үкімет өкілдері аймақтарды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік қамқорлық. Үкімет өкілдері аймақтарды аралады

17.04.2019

Елімізде бизнестің әлеуметтің жауапкершілігі жақсы нәтиже көрсетуде. Аймақтарды аралап жүрген Үкімет өкілдері осындай оң үрдістерге көз жеткізіп, бизнес қауымдастықтың бастамаларын жоғары бағалауда. Халықты әлеуметтік қамқорлық шараларымен ақпараттандыру тобы бүгін Алматы облысындағы жұмыс сапарын қорытындылап, Қарағанды облысына аттанды. Осы өңірлердегі әлеуметтік жобалар жайында әріптесім Ербол Мәндібек әңгімелейді.

Бүгін Үкімет өкілдері бірінші кезекте Алматы облысындағы жетекші кәсіпорын басшыларымен кездесу өткізді. Аймақ басшысы Амандық Баталовтың айтуынша, өңірде 8 мыңнан астам ірілі-ұсақты бизнес субьектілері белсенді жұмыс істеп тұр. Оларда 750 мыуңға жуық адам жұмыс істеуде.

Еңбек заңнамаларының сақталуы қатаң назарда. Жалақы мерзімді әрі тұрақты берілуде. Дегенмен, бұл жиында негізінен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі кеңінен талқыланды. Облыстағы ірі кәсіпорындар мен шаруақожалықтары қарамағындағы қызметкерлерді баспанамен қамтып, ауылдық жерлерде түрлі әлеуметтік нысандар салуда.

Темірлан Шайнүсіпов, кәсіпкер:

Біз ауылда қараусыз қалған ғимараттарды қалпына келтіріп, мешіт, тойхана, балабақша, кіші спорт кешенін салдық.

Денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру әлеумеметтік қамқорлық шараларындағы басым бағыттардың бірі. Осы мақсатта барлық аймақта дәрігерлердің біліктілігін көтеру, медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамту және жаңадан ауруханалар мен емханалар салу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Мәселен, Талдықорғандағы мына балалар ауруханасы былтыр қолданысқа берілген. Бұрын науқас сәбилердің ата-анасы күрделі ота жасату үшін Алматыға барса, енді кез-келген операция осында жасалады.  Сонымен қатар, жұмыс тобы студенттер үшін салынып жатқан жатақхана құрылысымен де танысты. Бұл ғимараттың құрылысы алдағы оқу жылында аяқталады деп жоспарланған.

Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмыс тобы түс ауа Қарағанды облысының Жезқазған қаласына келді. Шаһардағы атқарылып жатқан шаруалар тізбегімен танысты. Жергілікті кәсіпорындар өз есебінен бірнеше әлеуметтік нысан салыпты. Соның бірі - осы замануи үлгідегі балабақша. Инклюзивті білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істеуде.

Ал, мынау орталықта негізінен аз қамтылған және көпбалалы отбасының балалары білім алуда. Қаладағы барлық әлеуметтік мекемелердің де ахуалы сұрастырылды. Жұмыспен қамту, халыққа қызмет көрсету орталықтары халықтың әлеуметтік бағдарламаларға қатысуына жан-жақты жағдай жасауда. Сондай-ақ, азаматтарды жекелеген мәселелері бойынша қабылдау өтіп, жергілікті жердегі жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берілді.   

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Отбасыларға берілетін әлеуметтік көмектің дайындығын қарадық. Жалпы, автоматтандырылған жүйе жұмыс істеп тұр. Тағы бір айта кетерлік жайт, 14 мобильді автомобиль дайындалған.

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет өкілдері Қарағанды облысындағы аудан басшыларымен және жетекші кәсіпорын өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл жиында, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесі қаралды. Өндіріс орындарында, еңбек дауларына жол бермей, керісінше жұмыскерлерді әлеуметтік тұрғыда қолдап, қымбатшылық деңгейіне сәйкес жалақыларын көтеру қажеттігі ескертілді.

Ербол Мәндібек, тілші:

Жезқазғанға арнайы келген билік өкілдері  осыдан соң көпбалалы отбасылардың ахуалымен танысты. Айта кетейін, халықты әлеуметтік шараларымен ақпараттандыру тобы ертең Қарағанды жұртшылығымен кездесіп, Елбасының әлеуметтік бастамаларын бастан-аяқ түсіндіріп, оның орындалу барысымен танысады.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу