Әлеуметтік қамқорлық. Жұмыс тобы Шығыс Қазақстан облысында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтік қамқорлық. Жұмыс тобы Шығыс Қазақстан облысында

19.04.2019

Халықты әлеуметтік қамқорлық шараларымен ақпараттандыру тобы Шығыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды. Кешелі бері өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, елбасы жариялаған әлеуметтік бастамалардың орындалу барысымен танысты.  Толығырақ, осы өңірде жүрген тілшіміз Ербол Мәндібек әңгімелейді. 

Шығыс Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласын дамытудың кешенді іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Үкімет өілдері осы саладағы көрсеткіштермен танысты. Семей қаласындағы жедел медициналық аурухананың науқастарды емдеудегі мүмкіншілігі арттырылған.

Соңғы үлгідегі заманауи аппараттармен жабдықталған. Нәтижесінде, күрделі оталар мен басқа да ем-дом шаралары осы жерде жасалуда. Сонымн қатар, травматология және ортопедия орталығы іске қосылып тұрақты жұмыс істеп тұр. Ауруханаға ауадай қажетті жедел-медициналық көліктер сатып алынуда. Атап өтерлігі, оның барлығы Қазақстанда жасалған.

Ал, мынау Өскемендегі роботтандырылған хирургия орталығы. Бұл жерде адам қолының көмегінсіз күрделі операциялар жасалады. Жоғары технологиялық жабдықтардың жәрдемімен 200-ден астам операция жасалып үлгерген. Қазіргі уақытта жергілікті билік ауылдар мен аудандарда жаппай медциналық пунктер ашу бағдарламасына қызу дайындық үстінде.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Жаңа әлеуметтік бағдарлама аясында еліміз бойынша 595 медициналық пункт салынса, соның бірсыпырасы  Өскемен өңірінде іске қосылады. Медицинадағы  маман тапшылығы әр өңірде байқалады. Бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан облысы жас мамандарды әлеуметтік тұрғыда қолдауға дайын. Демек, бұл өңір білікті мамандарды ынталандырып отыр.

Шығыс Қазақстанда  әлеуметтік бастамалардың барлық бағыты бойынша жүйелі шаруалар атқарылуда. Соның бірі жұмыссыздықпеп күрес. Бұл мәселені оңтайландыру үшін ақпараттық технология тетіктері кеңінен қолданылуда. Мәселен, жұмыспен қамту орталықтары жаппай электронды қызмет түріне көшіп, еңбек нарығындағы бос орындар күн сайын сайын жаңартылуда.

Яғни, мұнда жұмыссыз ретінде тіркелуге келген азаматтарға әп-сәтте бос орындардағы еңбек шарттары ұсынылады. Жұмыс іздеуші мен жұмыс ұсынушылардың арасында ақпарат алмасу жеделдетілген. Халыққа қызмет көрсету орталықтары да дәл осындай тәртіпте жұмыс істеп жатыр. 

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы төлеу мәселесіне дайындық жүргізілген. Жұмыспен қамту орталықтарында олардың толық тізімі жасалған.

Елбасының әлеуметтік қамқорлық шаралары жалпы халықпен кездесуде жан-жақты талқыланды. Өңір тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмек, жалақының өсімі, инфрақұрылымды дамыту, баспанамен қамту сынды кешенді іс-шаралар жөнінде ақпарат берілді. Жұртшылықтың ой-пікірі тыңдалып, бірнеше азаматты жекелеген мәселесі бойынша қабылдау өтті.    

Шығыстан Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовтың айтуынша, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдаудың нақты жоспары бар. Халыққа әлеуметтік көмек беріп қана қоймай, кәсіппен айналысуына барынша жағдай жасалмақ. Осы ретте, мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелер ұсынылуда.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де артып келеді. Өңірдегі ауқаттты азаматтар табысы аз, тұрмыс жағдайы қиын адамдарға үй әперіп, әртүрлі деңгейде материалдық көмек көрсетуде. Сонымен қатар, өндіріс ошақтарындағы еңбек заңнамаларының қатаң сақталуы басты назарда.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу