Мәжіліс депутаттары Қытайға барды

25.04.2018

Қазақстан Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева бастаған делегация  мүшелері жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасына барды. Делегация құрамында Мәжіліс депутаттары, «Қазақстан - Қытай» ынтымақтастық жөніндегі топ жетекшісінің орынбасары Сапар Ахметов және Айзада Кұрманова мен Серік Құсайынов болды.

Делегация мүшелері Теміржол академиясының басшылығымен кездесті. Бейжіндегі жұмыспен қамту орталығының қызметімен танысты. Сондай-ақ, делегация мүшелері Қытайдың ең ірі кітапханаларының бірінде болды, онда «Қазақ әдебиеті бұрышы» ашылған.

Вице-спикер кітапханаға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, танымал қазақ ақындары мен жазушыларының қазақ, ағылшын, қытай тілінде  жарық көрген кітаптарын тарту етті. Сонымен қатар, мәжілісмендер осы елде білім алып жүрген студент жастармен, магистранттармен кездесіп, Қытайдың қоғамдық және сарапшы топ өкілдерімен пікір алмасты.  Осы сапар аясында делегация өкілдері бірнеше  ресми кездесу де өткізді.

Депутаттар сапар барысында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен келіссөздер жүргізді. Тараптар cтратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңінде екіжақты қатынастың сындарлы дамуы жолында Қазақстан мен Қытай елдері басшыларының маңызды рөлдеріне тоқталып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу бір жол» бастамалары аясында маңызды жобаларды жүзеге асырға дайын екендіктерін жеткізді..

Гүлмира Исимбаева Қазақстан Президентінің бес әлеуметтік бастамасына баса назар аударды. Онда жалақысы төмендер азаматтардың салығын 10 пайызға азайтуға, қолжетімді тұрғын үймен қамтуға, жастарға арналған білім гранттарының санын көбейтуге көңіл бөлінгенін атап өтті.

Одан әрі вице-спикер екі мемлекеттік әлеуметтік саясатындағы ортақ ұстанымдарына тоқталып, «соңғы жылдары біздің елдеріміз көпбағытты ынтымақтастықты нығайтуға жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ол біздің м емлекеттеріміз басшыларының өзара түсністік пен достыққа негізделген бірлескен тиімді жұмыстарының жарқын көрінісі екені сөзсіз. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен  ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің былтырғы өзара іс-сапарлары да екіжақты қатынасты дамытуға жаңа серпін берді. Сондықтан, президенттеріміздің ынтымақтастықты күшейту жолындағы жұмыстарын парламент деңгейінде жалғастырған дұрыс деп есептеймін»,-деді Гүлмира Исимбаева.

Өз кезегінде Ли Чжаньшу екіжақты іс-қимылдың даму қарқынына жоғары баға беріп, елдер арасындағы достық байланысты тереңдетуге сенім білдірді.  

Пекинде делегация мүшелері сондай-ақ, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Ван Чэнмен кездесіп, саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жайын талқылады. Екі мемлекеттің заңнамалық органдары арасындағы ықпалдастықты күшейтуге көңіл бөлді. Сапар барысында депутаттар Шанхай қаласында болып, аталған елдің  еркін сауда аймағы, Шанхай қаржы орталығы, темір жол салаларын дамыту жолындағы үздік тәжірибелерімен танысты.

Шара Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясын ілгерілетуге бағытталған.

Хабарламаларға жазылу