ТМД елдерінің Парламент өкілдері бас қосты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ТМД елдерінің Парламент өкілдері бас қосты

13.04.2018

Санкт-Петербург қаласында ТМД Парламентаралық Ассемблеясының пленарлық отырысы өтті. Жиында тараптар ауыл шаруашылығы, ақпарат, білім мен ғылым және туризм саласына қатысты бірқатар модельді заң жобаларын пысықтады. Мәжіліс кезінде мәдениет саласындағы ынтымақтастық жайы да кеңінен талқылады. Себебі, биылғы жыл - ТМД аумағында «Мәдениет жылы» деп жарияланған. Басқосуда осы тақырыпта баяндама жасаған Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Достастық елдеріндегі мәдениетаралық диалогтың маңыздылығына тоқталды. Жоғары Палата жетекшісі өз сөзінде, мәдени-тарихи ескерткіштер мен мұраларды туристік мақсатта бірлесіп пайдалануды және ТМД кеңістігіндегі мәдени туындылардың қолжетімділігін қамтамасыз етуді ұсынды. Қасым-Жомарт Тоқаев, сонымен қатар, ТМД мемлекеттерінен жиналған саясаткерлерге, елімізде қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәнісін айтып берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Біздің мақсатымыз – ғасырларға ұласқан ұлттық негізімізге сүйене отырып, әлемнің ең озық өркениетін бойына сіңіретін мәдениет құру. Сондықтан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, қазақтың мәдениеті БҰҰ-ның барлық тілінде халықаралық қауымдастыққа таныстырылады. Біз, Қазақстанның мәдениеті бүкіл әлемдегі, бірінші кезекте, еуразиялық кеңістіктегі миллиондаған адамдардың жүрегінен орын алса екен дейміз. Қазақстандық қоғамның рухани жаңғыруы, ТМД елдерінің мәдени ынтымақтастығы жөніндегі тұжырымдамасымен де үндеседі.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу