Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин төменгі палата депутаттарының атқарған жұмыстарын қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин төменгі палата депутаттарының атқарған жұмыстарын қорытындылады

27.12.2017

Президент кейбір өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке бөліп берген соң жауапкершілік артып, жұмыс жандана түсті. Халық үшін маңызды жаз жобалары мақұлданып, жоғары палатаға жіберілді. 27 Заңға Президент қол қойып, күшіне енді. Халық үшін өзекті заңдар туралы Индира Бегайдар айтсын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет пен Парламенттің рөлін арттыру қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге жауап қайтарудың неғұрлым тиімді механизмін бермек. Иә, бұл басқарудың неғұрлым күрделі жүйесі, бірақ қоғам да неғұрлым күрделі бола түсті. Мен Президент ие өкілеттіктердің айтарлықтай бөлігін беруге саналы түрде барып отырмын. Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру үшін жасап отырмын.

Осылайша, Елбасы Парламентке сенім артты, зор жауапкершілік жүктеді. Бұл абыройлы жауапкершілік, жұмыс та екі есе көбейді. Осындай аумалы-төкпелі заманда Президенттің тапсырмасын орындап, жұмысты әрі қарай жандандыра түсу қажет болды. Конституциялық өзгертулерге сәйкес Елбасының қырыққа жуық өкілеттігі Парламент пен Үкіметке берілді. Парламенттің пәрмені артып, үшінші сессияда Мәжілістің барлық заң шығарушылық жұмысы жаңа форматта жүргізілді. Яғни, барынша ашық болды, талқылауларға, таныстырылымдарға тек қана Үкімет мүшелері мен депутаттар ғана емес, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, белсенділер, сарапшылар қатысуға мүмкіндік алды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бірінші мақсат, әрине, әлеуметтің әлеуетін арттыру, ел экономикасының тамырына қан жүгірту болды. Президент Парламент депутаттары заңнамалық бастамаларды жиі көтере бастағанын айтып, оны оң құбылыс деп бағалаған еді. Төменгі палата өкілдері бұл игі дәстүрді жалғастырды. Жалпы, қыркүйектен бастап 80-нен астам заң жобасы жұмысқа алынды, 42-сі мақұлданды. Оның 12-сі депутаттардың бастамашылығымен әзірленген. 27 құжатқа Президент қол қойды.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Елбасының Парламенттің алдына қойған міндеті - заңнама жүзінде Ұлт жоспарын, Елбасының Жолдауын, басқа да бағдарламаларды орындау. Ал, бұл бағдарламалардың барлығында да негізгі міндет - халықтың әл-ауқатын жақсарту.

«Рухани жаңғырудың» темірқазығы – латын әліпбиіне өту мәселесі. Президент «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында латын қарпіне көшу жөнінде айтқан еді. Қыркүйекте Парламенттік тыңдау өтіп, латын қарпінің алғашқы нұсқасы таныстырылды. Айта кетейік, 4 сағат бойы депутаттар, тіл мамандары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, БАҚ басшылары әліпбидің жобасын талқылап, талқы, таразыға салды.

Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл ең алдымен қазақстандық ұлтты ұйыстырып, заманауи техникалық процесске, жаңа дүниежүзілік коммуникациялық үрдіске алып келетіні сөзсіз.

Әу баста-ақ Мәжіліс төрағасы қабылданатын заңдар Президент талап еткендей бәсекеге қабілетті болуы керек деді. Жалпы, әр құжат ұзақ талқылаулардан өтіп, мұқият қаралды. Депутаттар Кедендік реттеу кодексін мақұлдады. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында кеден қызметін жетілдіру қарастырылған. Кез келген мемлекеттің дамуы үшін бұл сала өте маңызды. «Тұрғын үй қатынастары мәселелері»  бойынша заң аясында 60 мыңға жуық әскери азамат баспаналы болады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Егер әскерилер жұмыстан шығып жатса, онда сол жұмыстан шығып кеткен уақытына шейін төленетін болады, егер әртүрлі жағдайлар болып, денсаулығына зиян келіп жатса, ондай әскерилерге жаңа үй сатып алуға жеткілікті қаржы бөлінетін болады.

Жаңа Салық Кодексі салықтық режимдерді оңтайландырып, салық саясатын жаңа экономикалық жағдайларға келтіру, бизнесті көлеңкелі жерлерден шығаруға ынталандырады. Құжатты талқылау кезінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексін жеңілдетіп, салық төлеушілер үшін түсінікті етуді тапсырған болатын. Міндет -үдесінен шығуымыз керек»,- деп Үкімет мүшелеріне айтты. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгертілетін өзгерістер оң нәтиже алып келеді. Өйткені, бұрын елімізде барлау жұмыстарын жүргізу үшін лицензия алу немесе келісімшарт құжаттарын рәсімдеуге 12 айдан 18 айға дейін уақыт кететін болса, енді оған тек 10-12 күн жұмсалады.«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің арқасында жол ережесін бұзған көлік жүргізушілері үшін айыппұл көлемі азаяды. Енді жол ережесін бұзғандар көбіне ескерту алады. «Құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері» туралы заң адам құқығын қорғауға бағытталған. Мәселен, соттың санкциясынсыз азаматтарды ұстау мерзімін 72-ден 48 сағатқа қықсармақ. Үш жылдық бюжетті нақтылау кезінде экономиканың өсімін қамтамасыз етіп, негізгі бағдарламалық құжаттарды толық орындауға баса назар аударылды.  Жалпы, депутаттардың Үкіметпен бірлескен жұмысының нәтижесінде 22 млрд. теңге қалпына келтірілді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бюджеттен бөлінген әр тиынды тиімді және мақсатты жұмсауымыз қажет деген болатын. Мәжіліс Үкімет сағаттары, Парламенттік тыңдауларда өзекті мәселелер көтеріліп келеді. Сондай Парламенттік тыңдаудың бірі ауызсу мәселесіне арналды. Өйткені, еліміздегі 6,5 мыңнан астам ауылдың 3 мыңға жуығы орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Енді әр нысанға бөлінетін қаржы жіті бақылауда болады.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Су объектілеріне бөлінетін қаражатты мақсатына сай және тиімді пайдалануын қамтамасыз етуіміз керек. Заңдарымызды жетілдіріп, әр ауылға, әр тұрғынға ауызсуды жеткізуге тиіпсіз.

Еңбек Кодексі, пробация, ауыл шаруашылығы мәселелері, қоғамдағы діни ахуал, Қазақстанның Азия мемлекеттерімен сыртқы саясаты сияқты маңызды тақырыптар Үкімет сағаттарында көрініс тапты. Депутаттар мәдениет саласының қызметкерлерінің жалақысының төмен екендігін айтып, министрге есептеудің жаңа әдісін енгізуді ұсынды. «Рухани Жаңғыру» бағдараламасының орындалу барысы жіті қадағалауда.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға байланысты мемлекеттік органдар стратегиялық жоспарлардың индикаторларын,ағымдағы көрсеткіштерді қайта қарау керек.

Мәжіліс депутаттары елді алаңдатқан өткір мәселелерді өз депутаттық сауалдарында қозғады. Мәселен, бір топ депутат болашақ түлектердің тағдырына алаңдап, грант бөлуде қателіктер жібергендер қандай жауапкершілікке тартылғандығы туралы сұраса, оқулықтағы олқылықтар да сөз болды. Қазақстанда 30 мыңға жуық оқушы көрші елді мекендердегі мектепке қатынауға мәжбүр екендігі айтылып, проблема Үкімет басшысы орынбасарының құлағына жетті.

Елбасы қазақстандықтар заңнамалық жаңалықтардың барысынан құлағдар болуға толықтай құқылы» деп айтқан болатын. Президент тапсырмасын орындау мақсатында төменгі палата бұрынғыдан да ашық бола түсті. Мәжіліске 500-ден астам журналист аккредиттелген, олардың ішінде Ресей, Түркия, Қырғызстан сияқты елдердің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары бар. Яғни, төменгі палатадағы әрбір заңды қарапайым халық біліп отырады деген сөз.

Біздің көрсеткеніміз атқарылған жұмыстың бір парасы ғана. Енді қаңтардың 3-12 аралығында  Мәжіліс депутаттары қала, ауылдарды аралайды, халықпен тікелей жұмыс істейді. «Рухани жаңғыру», «Нұрлы жол» , «Нұрлы жер» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіреді. Өйткені, Парламент ел игілігі үшін жұмыс істейді.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу