Бүгін Үкімет алдағы үш жылға арналған Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары мен Астана қаласында туризмді дамытудың жол картасын қабылдады. Аталған тақырып бойынша Мәдениет және спорт министрі мен Астана қаласының әкімі баяндама жасады. Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту бағдарламасы 33 түрлі шараны қамтиды және оны жүзеге асыруға 61 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінеді. Ал, Астана қаласындағы туризмді дамытуға арналған жол картасында 24 түрлі іс-шараны іске асыру көзделген. Оның ішінде қызметтерді жақсарту, ішкі және сыртқы туристерді тарту, мәдениет, денсаулық сақтау және спорт нысандарының тиімділігін арттыру мен өзін-өзі қаржылай қамтамасыз ету сияқты маңызды шаралар жоспарланып отыр.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында біз тиісті ҚР Үкіметінің шешімдерін дайындадық. Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарын жүзеге асыруға 61,3 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру көзделген. Олардың ішінді республикалық бюджет 58,2 миллиард теңге, жергілікті бюджет 3,1 млрд. теңге.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ