Қазақ тілінде қапысыз сөйлейтін атқамінерлер үнемі ел назарында. Себебі, ресми тілде қамшы салдырмағанымен ана тілге келгенде абдырап қалатындары бар. «Апта» сараптамалық орталығының өлшемдері бойынша, оныншы орын екі ай бұрын ғана Маңғыстау облысы әкімі болып тағайындалған Ералы Тоғжановтың еншісіне тиді. Он жылдай Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары болған ол мемлекеттік тілде мәнді һәм мазмұнды сөйлейді.
Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың да тілі жатық, қазақтың жалпақ тілімен кез-келген мәселенің тігісін жатқызып жеткізеді. Сан алуан шара мен алқалы жиындарда қазақ тілінің қадірін арттырып сөйлейтін Нұрлан Асқарұлын рейтингіміздің тоғызыншы орнына лайық деп таптық.
Құқықтық салада ауқымды реформаларымен көзге жиі түсіп жүрген тұлғалардың бірі Бас прокурор — Жақып Асанов. Сөзге ағып тұрған Бас прокурордың өз саласы мамандарына жарқын үлгі боларына сенім мол. Жақып Асановқа рейтингімізден сегізінші орын бұйырды.
Елге етене жақын, ел ішін жиі аралап, елдің тілінде сөйлейтін ділмардың бірі әрі бірегейі — Бердібек Сапарбаев. Ақтөбе облысы әкімінің инвесторлардың біріне мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы айтқан әңгімесі хит болып, алты алашты аралап кеткенін жақсы білеміз. Бердібек Машбекұлы халқымыз киелі санайтын жетінші орынға жайғасты.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аптаның алтылығына ілікті.
Тілі мірдің оғындай саясаткерлердің бірі - Иманғали Тасмағамбетов. Сан лауазымды қызметтердің тізгінін ұстаған Иманғали Нұрғалиұлының кез-келген мәселеде шегелеп сөйлейтінін бұқара жақсы біледі. Еліміздің Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісінің еншісінде — бесінші орын.
Қазақ қоғамы соңғы кезде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевты жаңа қырынан танығандай. Бақытжан Әбдірұлы да қызыл тілді шешен. Үкімет басшысы төртінші орынға тұрақтады.
Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханға үшінші орын ғана бұйырды.
Тағы бір от ауызды, орақ тілді саясаткер - Нұр Отан партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-мұхаммед. Мұхтар Абрарұлы әуезді тілімізде әуелетіп сөйлеп, ағылта жөнелгенде қазақ тілінің қадірін білетін қаймана жұртты баурап алады. Шешен сөйлеудің хас шеберіне екінші орынды лайық көрдік.
Ал бірінші орынды шетелде білімін толықтырып келіп, қазір прокурордың көмекшісі қызметін атқарып жүрген Мақсат Ысқақов иеленді. Мақсаттың әр жерде берген сұхбаты, айтқан әңгімелері аз уақыттың ішінде ел арасында тарап та кетті.
Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ