Бүгінде елімізде шығарылатын көптеген тауар ескерусіз қалып, тұтынушылар шеттен келген өнімді көбірек таңдайды.
Отандық өнімнің үлесін еселемейінше, ел кәсіпорындарының да қуаттылығы артпасы анық. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Семейдегі Кәсіпкерлер палатасы жергілікті өндіріс тауарларын насихаттауды қолға алды.
Мамандар қаладағы зауыт, фабрикалардың жұмысын ірі компанияларға таныстыру арқылы олардың өнімдерін тұтыну көрсеткішін артырамыз, деп отыр.
«Семей асбест-цемент бұйымдары зауыты» құрылыс материалдарының жаңа түрлерін шығарады. Оған «Бизнестің жол картасы-2020» жобасы арқылы қол жеткізген.
Үкімет заманауи қондырғы қойып, жаңа өнім шығаруға кеткен шығынға субсидия бөлген. Нәтижесінде төбе жабындыларынан бастап, ғимараттар қасбеті, жаяу жүргіншілер жолына арналған брусчаткалар, заманауи кірпіштер өндіруге мүмкіндік туды.
Расул Шайскаков, зауыт директорының орынбасары:
Мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының арқасында қазір «Тераццо» плиткаларын шығара бастадық. Мұндай сапалы өнімдер елімізде бізде ғана өндіріледі. Көбіне құрылыс компаниялары оны шеттен сатып алады. Ал, біздің өнімнің сырттан келетіндерінен ешқандай кемшіні жоқ.
Семейдегі Кәсіпкерлік палатасының мамандары енді мұндай әрбір кәсіпорынға ұлттық компаниялардың өкілдері мен жобалау институттарын шақырып, өндіріспен кеңінен таныстырмақ.
Олардың мүмкіндігін паш ету арқылы жан-жақты әріптестіктерін жандандыруға қолғабыс етеміз, деп отыр.
Ардақ Әділжанов, Семей қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры:
Мысалы, мына зауыттың өнімдері Қазақстанда жоқ. Алайда, отандық құрылыста көп қолданыла бермейді. Тұтынушы көбейген сайын өндірістің де тынысы ашылатындығы белгілі. Сондықтан, біз жергілікті зауыттардың тауарларын, өзге өңірлердегі кәсіпкерлік палаталары арқылы да насихаттап, отандық өнім үлесін арттыруды көздеп отырмыз.
Бүгінде Семейдегі ірі зауыттардың дені құрылыс саласына қажет өнімдерді өндіреді. Кәсіпкерлік палатасының өкілдері алда олардың әрқайсысының тауарын елімізден бөлек, Кедендік одақ шеңберінде де сұранысқа ие болуына күш салмақ.
Ержан ЖАҚЫП