Қажылыққа аттанған жерлестеріміз елге оралып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қажылыққа аттанған жерлестеріміз елге оралып жатыр

20.08.2019

Отандастарымыз қажылық сапарынан оралып жатыр. Биыл Сауд Арабиясы Қажылық министрлігінен қасиетті мекенге баруға 3200 квота бөлінген болатын. Жылда бес парыздың бірін орындауға ынта танытқандар саны артқан сайын оларға қызмет көрсету сапасы да күшейіп келеді. Қауіпсіздік сақталып, жол қысқарған.

Қазір Меккеге сапарлау үшін бұрынғыдай Станбул, Шарджа, Дубай әуежайларында сағаттап отырып, сарқылмайсың. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтау арқылы тікелей рейс бар онда. Бұл - адамдарды жол азабынан арылтса, екінші жағынан қолайлы. Яғни, діни рәсімдерді орындауға көп мүмкіндік береді. Ал қасиетті орынға жетіп алған соң бекітілген білікті теологтар түсінік жүргізеді.

Ербосын Орын, қажы:

Шариғат жолын көрсететін діни басқармадан арнайы пәтуа бөлімінің мамандары барады. Әр қайсысына әр нәрсеге қатысты пәтуасын беріп отырады. Одан кейін бірнеше имамдарымыз уағызшы болып барып жатыр. Әркімнің сөзін тыңдап кетпес үшін, өзге ағымдардың жетегіне кетіп қалмас үшін азаматтарды ұйымдастырып, басын қосып, уағыз-насихат айтып отырады.

Иә, былай болуы орынды. Бірақ бұл қажылық миссиясы міндетінің бірі ғана. Сапардағы әр 50 адамнан құралған топқа бір өкіл бекітіліп қойған. Бұған қоса тәулік бойы қызмет көрсететін жеке кеңсе жұмыс істеді. Ас-ауқаттың пайдалы, жатын жердің жайлы болуы діни басқарма іріктеуінен өткен 18 туристік компанияға жүктелген. Медициналық көмекті де өз дәрігерлеріміз көрсеткен. Тіпті ота да жасалыпты.

Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ Бас мүфтиі:

Біздің медициналық мамандар қажетті көлігімен және қажетті болған барлық медициналық жабдықтармен жабдықталған. Сондықтан оларға еш алаңсыз кез келген жерде көмек көрсетілді.

Сонымен жаны сауығып қасиетті сапардан 1500-дей отандасымыз оралыпты. Қалғаны ертең жетпек. «Ендігі жерде олар үшін жүктелетін жүк ауыр, жауапкершілік мол»,-дейді Бас мүфти. Өйткені қажы атану атақ емес, ағайын-айналаңа өнегелі ісіңмен үлгіге айналу.

Нысаналы ЫҒЫЛ


 

Хабарламаларға жазылу