Жамбылдықтар шаңырақтарына оралып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдықтар шаңырақтарына оралып жатыр

29.08.2021

Жойқын жарылыстан соң жан-жақты паналаған жамбылдықтар шаңырақтарына оралып жатыр. 2 күн қараусыз қалған малына жем-шөбін беріп, қора-қопсысын тазалауды бастап кетті. Дүмпудің екпінінен тұрғын үйлерше зақым келген. Тілшіміз Жазира Оразқызы Үшбұлақ ауылының бүгінгі жай-күйін өз көзімен көріп келді.

Үшбұлақ ауылының тұрғыны Қалдыбай Оразымбетов үйіне оралысымен, жөндеу жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. Әйелі мен балалары әзірге туыстарын паналап жүр. «Бастысы, басымыз аман, қираған дүние қалпына келер»,- дейді сабырмен.

Жүгірген жұртқа ілесіп, шаңырағын тастай қашқандардың бірі – Данаевтар әулеті. Көршілерімен салыстырғанда, баспанасы бүтін. Үй ішіне де ешқандай зақым келмеген.

Тұрсын Данаев, Үшбұлақ станциясының тұрғыны:
 Терезелеріміздің бәрі қирап қалған, кейбір жерлері қираған. Бұның барлығы кешегі жарылыстың кесірі ғой. 

Тұрсын аға бүгін отбасымен бірге өз қонысына оралды. Әдеттегідей малына жем-шөбін берсе, немересі қора ішін жинап жүр. Ал етек-жеңін жинап, еңсесі көтерілген Қалдыгүл апа күнделікті тірлігіне асығыпты. Келісімен, аула сыпырып, тазалық жұмыстарына кіріскен.

Қалдыгүл Наргеева, Үшбұлақ станциясының тұрғыны:
Елдің бәрі дүрлігіп, малға да қарамай, бәріміз тұра-тұра жүгіріп, қаштық қой қалаға қарай. 2 күн сол жақта болып, бүгін 3-4-терде келдік. Әйтеуір бәрі тыныш, жақсы дегеннен кейін. Мал-жан аман, жақсы. Үйіміз орнында.

Байзақ ауданында қарасты Үшбұлақ ауылында 35-40 жанұя түтін түтетіп отыр. Бойын қорқыныш пен үрей билеген жұрт үйлеріне біртіндеп келіп жатыр. Біз келгенде, кей отбасылар малын өріске шығарып, мамыражай тірлікке бет бұра бастапты. Елдімекенді полиция қызметкерлері екі тәулік күзетті.

Қалдыгүл Наргеева, Үшбұлақ станциясының тұрғыны:
Өзіміз аман болғаннан кейін малды ойладық. Ұрлап кете ма деп. Сөйтсек, бәрі орнында екен. Полициядағы азаматтарға алғыс үлкен.

Қазір қауіп сейілді. Өңірдегі жағдай тұрақталды. Арнайы мамандар әр үйге барып, тұрғындармен сөйлесіп жүр. Олар қай баспанаға қандай шығын келгенін анықтайды.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу