Қажылық Миссиясы: Меккедегі қайғылы оқиға арасында жерлестеріміз жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қажылық Миссиясы: Меккедегі қайғылы оқиға арасында жерлестеріміз жоқ

25.09.2015
Қажылық Миссиясы: Меккедегі қайғылы оқиға арасында жерлестеріміз жоқ

Бұл туралы миссия өкілдері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында мәлімдеді.

«Қазір Қазақстан қажыларына қызмет етіп жатқан компания жетекшілерінен шұғыл мәлімет алынды. Алдын ала мәліметтер бойынша, зардап шеккендер арасында жерлестеріміз жоқ екенін мәлімдейміз. Сол сәтте біздің қажылар Жамарат көпіріне өзге жолмен жүрген. Осыған орай, отандастарымызды алаңдамауға шақырамыз. Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының шұғыл тапсырмасына орай, қажылар арасында түсіндіру, қауіпсіздік шараларын сақтау жұмыстары күшейтілді», – деп мәлімдеді Қазақстан Қажылық Миссиясының төрағасы Ғылымбек Мәжиев.

Кеше кешке Миссия мүшелері Мина жазығында бірқатар фирма басшыларымен, Қазақстан қажыларымен кездесу өтті. Компания жетекшілеріне қазақстандық қажылар үшін қауіпсіздік шараларын күшейту туралы тапсырма берілді. «Бұған қажылық фирмаларының 100 қызметкері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 70 өкілі жұмылдырылды», – деп атап өтті Ғ.Мәжиев.

Қажылардың күнделікті денсаулығы Миссиямен бірге барған қазақстандық дәрігерлердің жіті назарында. 2015 жылдың 11 қыркүйегінен бастап қажылыққа аттанған жерлестіріміздің арасында 24 қыркүйекке дейін қатты науқастанған адам тіркелмеді.

Хабарламаларға жазылу