Арыстағы балаларға мектеп жабдықтары берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы балаларға мектеп жабдықтары берілді

16.08.2019

Арыс балаларына базарлық! Жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан өңірінің азаматтық альянсы мен ірі компаниялар арыстық балғындарға мектеп киімдерін, керек-жарақтарын тарту етті. Осылайша жарылыстардан жапа шеккен тұрғындар «Мектепке жол» акциясының игілігін көріп жатыр.

7 жасар Сымбат сыйлық-сауқатын санап әлек. Сөмке толы оқу құралдарын  алғанына мәз. Үйелмелі-сүйелмелі төрт бала лашықта тұрып жатыр. Баспаналарының дүмпу кезінде төбесі ортасына түскен.

 Дәулет Байкөбенов, Арыс тұрғыны:

Үйіміз әлі біткен жоқ. Бетон құйды. Күн суып келе жатыр. Ертерек бітсе дейміз. 4 баламен мынаның ішінде тұрып жатырмыз.

Дәулет әскери полигон аймағында жұмыс істейді. Оқ-дәрілерді кәдеге жарату, залалсыздандырумен айналысады. Аса қауіпті мамандық иелерінің балаларына бүгін қорғаныс саласының өкілдері үлкен тарту жасады.

Нуриддин Ергөбеков, Ұлттық компания өкілі:

Мектепте оқитын 87 кішкентай бүлдіршіндер бар. Соларды кеңсе заттармен, киімдермен қамтамасыз етудеміз. Басшылықтың қолдауымен осындай шаралар өтіп тұрады. Басқа да компанияларды осындай іс шараларға шақырамыз.

Жеке кәсіпкерлер, қалталы азаматтар да жылу жинап, жапа шеккендерге жәрдем беруде. Түркістан  облысы мен Шымкент қаласының азаматтық альянсы Арыстағы көпбалалы және аз қамтылған 120 отбасының балаларына тарту таралғысын үлестірді.

Жақсыбек Сәрсенбеков, Арыс қаласы кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы:

Осы акцияға салынған қаражат 2 миллион 300 мың теңге. Әр оқушыға мектеп формасы, ұл балдарға костюм- шалбар, сөмке, ішінде 21 оқу құралы бар...

Жадыра Рысқұлова, Арыс тұрғыны:

7 баланың анасымын. Алты балам оқушы. Төтенше жағдайға байланысты облыстан келген депутат көкелеріме алғысымды білдіремін!

Ал жаз бойы сәкі үстінде өмір сүрген  Бәйкөбеновтер қара суықта далада қалмайды. Арыс әкімі тұрғындардың үйлері салынып біткенше жылы қонысқа жайғастыратынын айтты.

Мұрат Қадырбек, Арыс қаласының әкімі:

2 үй сатып алғанбыз. 2 қабатты. Әрқайсында 10 пәтерден. Сол жерге жайғастырамыз...

Мектепті паналап жүрген 139 отбасының да бірқатары  үйлері дайын болғанша сонда қоныстанады.

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу