Қызылорда облысыда жаңа нысандар ел игілігіне берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысыда жаңа нысандар ел игілігіне берілді

06.09.2022

Қызылорда облысы, Арал ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігіне берілді. Осыған дейін апатты ғимаратта білім алып келген №71 мектеп интернаттың оқушылары оқу маусымын жаңа білім ордасында бастады. Теңізді өлкедегі игі істерді рет-ретімен тілшіміз баяндайды.

Бұл қуанышты сәтті ұстаздар мен оқушылар көптен күтті. Әсіресе, балалар жылында аралдық балаларға тамаша тарту болды. Мектеп заманауи үлгіде салынған. Сыныптар интерактивті тақталармен жабдықталып, білім алушыларға барлық жағдай жасалған.

Баян Сансызбай, оқушы:

Мектепке келуге шындығында асығамыз. Өйткені осындай керемет мектеп болғаннан кейін келуге асығып, қуанып келеміз. Жаңа мектеп өте жарық. Әрі кең. Үйдің жанынан. Заман талаптарына өте сай.

Ал Жақсықылыш кентінде жеке инвестордың қаржысына салынған 140 орындық жаңа балабақша есігін айқара ашты. Осылайша елді мекен бүлдіршіндері толық бөбекжаймен қамтылып отыр. Сондай-ақ, Аманөткел ауылында жабық спорт кешен ел игілігіне берілді. Енді ауыл балалары қысы-жазы футбол, волейбол, баскетбол спортымен айналысатын болады.

Жалпы алдағы 3 жылда аймақта 32 мектеп бой көтеретін болады. Ал биыл демеушілердің көмегімен облыс аумғында балаларға арналған 80 ойын алаңы салынып жатыр. Міне, осындай әлеуметтік жобалар жалғасын таба бермек.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

Өңірімізде көптеген білім ордалары, мәдени нысандар, спорт кешендері көптеп салынуда. Биылдың өзінде 6 мектеп, 3 балабақша, 6 мәдениет нысандары бірнеше спорт кешендері салынып жатыр.

Осы күні Қамыстыбас елдімекенінен құтқару бөлімшесінің модульдік станциясы ашылды. Бұл орталықта өрт сөндірушілер, сүңгуірлер мен авариялық құтқару жасағы шоғырланған.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу