Алматы облысында жол-көлік оқиғалары күрт көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жол-көлік оқиғалары күрт көбейді

16.08.2019

Алматы облысы жол ережелерін бұзу және жол апатында қаза болғандар санымен республика бойынша көш бастап тұр. Жыл басынан бері өңір жолдарында 300-ге жуық адам мерт болып, мыңнан астамы түрлі жарақат алған. Жылдамдықты асыру, жолға шаршап шығу, көлікті мас күйінде жүргізу және қарсы бағытқа шығып кету - қайғылы оқиғалардың басты себептері. Ішкі істер министрлігінің өкілдері дабыл қаға бастады. Жол қозғалысын ретке келтіріп, апаттардың себеп-салдарын анықтау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды.

Осы аптада Алматы-Бішкек тасжолында бір күнде екі жол апаты болды. Бірінде бес адам, екіншісінде бір адам қаза тапты. Бірінші апатта үш бала шетінеді. Тағы бір ер адам мен екі бала Жамбыл аудандық ауруханаға жеткізілді. Бәрі де ауыр дене жарақаттарын алған. Науқастарға қажетті ем-дом мен операциялар жасалып, жіті бақылауға алынды.

Серік Оралов, хирург:

Кішкентай қызды бүгін балалар ауруханасына ауыстырдық. Ал бір бала қазір жан сақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы бір қалыпты ауыр.

Дәл осы қайғылы оқиғадан кейін апат орнына жол қозғалысына жауаптылар бас қосты. Көлік апаттарын болдырмаудың және алдын алу жолдарын талқылады. Ішкі істер министрлігінің өкілі облыстағы көліктердің жиі соқтығысуының себептерін тізбектеді. Бастысы, жол сапасы сын көтермейді. Жүргізушінің жауапкершілігі төмендеп барады. Сондықтан тәртіп сақшылары заманауи жабдықтардың көмегіне жүгінбек.

Жанат Әбдірахманов, ҚР ІІ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

Облыстар бойынша, Қазақстан бойынша автоматты түрде іске қосылатын жылдамдық өлшейтін құралдарды алып жатыр бәрі. Түгел облыстарға беріліп жатыр.

Күре жолды күтіп-баптайтын кәсіпорындарға да бірқатар міндеттер жүктелді. Қараңғы жерлерге жарық қою, жол белгілерін дұрыс орнату және жөндеу жұмыстарын сапалы орындау тапсырылды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Қазір Ішкі істер құрылымында жол полициясы деген қызмет жоқ. Екіншіден, тәртіп сақшысына жылдамдықты анықтау құралы мен қызыл таяқшаны қолдануға тыйым салынды. Сондай-ақ, көлікті себепсіз тоқтатуға болмайды. Мұны білген жүргізушінің жылдамдықты асырып, көлікті мас күйінде жүргізбеуіне кім кепіл?

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу