Жаңақорған ауданының орталығында ішетін су жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңақорған ауданының орталығында ішетін су жоқ

31.07.2019

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының орталығында ауыз су жоқ. Аптап ыстықта халық сусап отыр. Кент ішіне құбырлар жүргізілген, бірақ сол күйі іске қосылмаған. Жұртты алаңдатып отырғаны да осы. Тіпті осыдан 10 жыл бұрын жүргізілген құбырлар қазір ашық-шашық күйде жатыр.

Әлеуметік желіде осындай бейнежазба көп. Осыдан отыз жыл бұрын орнатылған құбырлар  әбден  тозып,  жарамсыз күйге түскен соң  жаңа су жүйесі жүргізілген. Бірақ ол да жөнді жұмыс істеп жарымады.      

 

Су келтіріп, бір рет ағызған. Оның қандай су екенін білмедік. Жарты сағат па ақты да, сонан кейін тоқтап қалды. Ол баяғыда болды. Онан кейін жоқ...

Қайтадан үстінен қазып, бар жерді шаң қылып, жолымыздың шетінің бәрін қазып тастаған ғой. Ойылып түсіп жатыр, жердің бәрі.

 

Құбыр бар, су жоқ. Кезінде бұл құбырды кім жүргізді, кім қабылдады, нақты ақпарат та жоқ. Тек белгілісі — «Ақбұлақ» бағдарламасына енген. Басы бар, аяғы жоқ, яғни бөлінген қаржы желге ұшқан. Ал халық 30 жылдан бері таза суды бір қанып ішпеді.  

 

Қаракөз Мұқанова, аудан тұрғыны:

Аптасына екі рет су тасығыш көлікпен келеді. Литрін 1 теңгеден сатып аламыз. 200 литр аламыз, екінші келемін дегенше жетеді ғой сол.

 

Аяш Қыстауова, аудан тұрғыны:

Құдығымыз бар, Қазып алдық ақшаға. 90 мыңға. Құдық болмаса, су болмаса өмір жоқ қой.

 

Мамандардың айтуынша, аудан аумағының үлкеюіне байланысты проблема   күрделене түскен. Ескі құбырды «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың біріккен дирекциясы 2016 жылы ғана өздеріне алған.  Бірақ жарамсыз құбырмен жаңа мөлтек аудандарға су жеткізу мүмкін болмады. Жаңа жоба жасалып, құбыр тартылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы тағы да ақша бөлінді. 2017 жылы құрылыс жұмыстары басталды.

 

Бақытжан Бакишов, «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың біріккен дирекциясының бөлім басшысы:

Бұрын 2007 жылы салынған құбыр мен 2017 жылы салынған су құбырларын қосу жұмыстары. Жаңадан салынған Ипподром, Саяжай, Алты құнан деген мөлтек аудандар бар, осы бағдарлама соларға су тартуға арналған.

Жоба биыл қыркүйек айына дейін жоспарланған. Егер ол уақытынан кешікпесе,  Жаңақорғанның   30 мыңға жуық  халқы  30 жыл бойы күткен суға  қол жеткізеді.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу