Мемлекеттің қолдауы - кәсіпкерлерге демеу. Бүгінде елімізде түрлі бағдарламаларға қатысып, шаруашылық аясын кеңейткен жандар аз емес. Солардың бірі - теріскейлік Қайрат Жәнібеков.
Шаруа қожалығының басшысы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша асыл тұқымды мал сатып алып, игілігін көруде.
Қайрат Жәнібеков 2 жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 13 миллион теңге несие алып, 67 қара мал сатып алды. Осыған дейін тек қана егін егіп келген жас кәсіпкер үшін үстеме ақысы небары 6 пайызды ғана құрайтын жеңілдетілген несие кәсібін жандандыруға үлкен сеп болды.
Қайрат Жәнібеков, шаруа қожалығының басшысы:
7 жылға 6 пайызбен несие алып, сонымен жұмыс істеп жатырмыз. Өте қолайлы бағдарлама. 2 жыл демалыс беріледі. 2 жылдан кейін негізгі қарызды төлей бастаймыз.
Қазіргі күні Жәнібековтер отбасы мал шаруашылығын отбасылық бизнеске айналдырған. Әкесі Сапарғали ақсақал білгенін баласына үйретіп, ақыл-кеңесін береді. Ал, баласы қолқанат.
Сапарғали Жәнібеков, әкесі:
Ерінбеген адам жұмысының пайдасын қашан болса да көреді. Негізі еңбек еткен адам өседі, өнеді, жоғары да көтеріледі.
Ауылға мал әкелінгелі жергілікті халыққа жұмыс табылды. Қазір шаруашылықта 10 адам еңбек етеді. Бұл – біріншіден 10 отбасының тұрақты айлығы бар деген сөз. Болашақта мал санын көбейтсе, ет-сүт өндірісін де жолға қоймақ.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ