«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 106 нысанды жекешелендіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 106 нысанды жекешелендіреді

25.07.2014
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 106 нысанды жекешелендіреді

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры жыл соңына дейiн 64 нысанды жекешелендіреді. Ал, жалпы, жеке секторға өткізетін актив саны - 106.

«Самұрық-Қазынаның» активтер мен нысандарды сату жөнiндегi комиссияның отырысы барысында жекешелендiрiлетiн компаниялардың тiзiмi  бекiтілді. Олар тамыздың 15-iнен бастап сатылмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкiметi 2014-2016 жылдардағы жекешелендiрудiң кешендi бағдарламасын дайындағаны белгiлi.

 Осы орайда қордың 100-ден астам активi мен нысаны сатылады. Бағдарлама жеке сектордың үлесiн арттыру арқылы экономиканы күшейтудi көздейдi.

Нұрлан Рахметов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қаржы директоры:

 Бізге қажетсіз активтерді шығарамыз. Олар біздің стартегиямызға жатпайды. Ал, Үкіметтің мақсаты - экономикада жеке сектордың үлесін ұлғайту.

Жекешелендiру бағдарламасы басталғалы екi актив сатылды. Олар -  «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясының күзет қызметімен айналысатын «МХ-Секьюрити» ЖШС мен «ҚазМұнайГаздың» еншілес бір компаниясы.

Жыл соңына дейін сатылатын активтердің  тізімі де дайын.

Нұрлан Рахметов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ қаржы директоры:

Тамыз айында 15 актив сатылады. Олардың ішінде 10 актив ҚТЖ-ға, 4 актив «Қазақстан инжиринг» компаниясына, 1 актив «Қазатомөнеркәсіпке» кіреді. Барлық активтер электронды сауда алаңы бойынша сатылады.

Жекешелендіру үшін «Самұрық-Қазына» холдингінің жеке бизнес ретінде қызмет етіп жатқан құрылымдары таңдалды.

Сонымен бірге, ұлттық қордың стратегиялық маңызы жоқ компаниялары да жеке қолға берілмек.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ 

 

Хабарламаларға жазылу