Ақтөбеде қалта ұрлығы көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде қалта ұрлығы көбейді

23.07.2019

Ақтөбеде қалта қағатындар азаймай тұр. Тек жыл басынан бері осындай 400-ге жуық ұсақ ұрлық дерегі тіркелген.

Полицейлердің айтуынша, әмиян мен телефондарын ұрлатып алған тұрғындардан түсетін шағым көп. Қылмыскерлер оңай олжаны адамдар көп шоғырланған жерден, әсіресе, базарлар мен қоғамдық көліктерден іздейді. Қазір сондай 120 ұры анықталған. Тәртіп сақшылары олардың фотосуреттері мен ескертулер жазылған парақтарды көшелер мен автобустарға жабыстырып шықты.

Полицейлер ұрлықтың алдын алу үшін қолының сұғанағы бар адамдардың суретін жариялау тәжірибесін алдағы уақытта да қолдана бермек. Себебі туыстары мен таныстарынан ұялған кейбірі жаман әдеттен арылатын көрінеді.

Марат Мұқатов, облыстық Полиция департаменті Криминалды полиция бөлімінің аға жедел уәкілі:

Құжаттар мен әмияндарды полиэтилен пакетке немесе артқы қалтаға салмаңыздар. Сонымен қатар, жолаушыларға тым жақын тұруға ұмтылған адамдарға назар аударған жөн. Көбінесе, тұрғындар қалта ұрлығын көрсе де, автобустарда үнсіз тұра береді. Ондай кезде, кересінше қорықпай, азаматтық белсенділік таныту керек. Жыл басынан бері 45 ұры жауапқа тартылды.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу