Алматыда транспорт ұрлығы көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда транспорт ұрлығы көбейді

10.10.2023

Жыл басынан бері Алматыда жүздеген мопед, самокат, велосипед ұрлығы орын алған. Бұған арнайы тұрақтардың жоқтығы себеп болып отыр дейді мамандар. Өйткені, тұрғындар екі дөңгелекті транспортын аулаларда немесе жол жиектерінде қалдырып кетуге мәжбүр. Бұл мәселеге қатысты жергілікті билік не дейді, түйткілді қалай шешуге болады? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Иә, Алматыда соңғы жылдары мопед, веосипед және самокат тізгіндейтіндердің саны едәуір артқан. Бұл күні-түні көлік кептелісінен көз ашпайтын мегаполис үшін жақсы жаңалық. Десе де, аталған транспорт түрін жүргізетіндер үреймен өмір сүреді. Солардың бірі - Дамир. Көктемде оның аулада тұрған самокатын ұрлап кеткен.

Дамир Нұқыбаев, қала тұрғыны :

Менің көлігім жоқ. Осы мопедті қолданамын. Әрлі-берлі жүруге. Бұл бір жағынан үнемді. Мопедімді есік алдына қалдырып кетем, цепке тағып. Тұрақ қарастырылмаған. Сол есік алдына қоямыз, темір болған жерге орап кетеміз.

Бұл аулада велосипедтерді де тура босағаға осылай бірінің үстіне бірін мінгестіріп қойып кетеді екен. Өйткені көпқабатты тұрғын үйдің кіре берісінде бейнебақылау камерасы бар, ұрлаған күннің өзінде қолды еткендерді табуға көмектеседі - дейді тұрғындар. Ал, кейбіреулер ауласынан мынадай қоршау жасап, велосипед, мопед пен самотттарын сонда қояды. Бірақ, оған барлығынікі бірдей сыймайды.

Екі дөңгелекті көлік құралдарының ұрлығы жиілегінін қалалық Полиция депратаменті де растап отыр. Мәселен жыл басынан Алматыда 68 мопед, 79 самокат пен 50-ге жуық велосипед ұрланған.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:

Осындай қылмыспен айналысқан 97 қылмыскер ұсталып, олардың көбі қазір өз жазасын өтеп жатыр. Ал, бір бөлігі соттың тергеу нәтижелерін күтуде. Осы әрекеттердің барлығы бөтеннің мүлкін ұрлау болып табылады. Кем дегенде 3 жылға дейін бас бостандығы шектеледі.

Осыған қарамастан құқық қорғаушылар мұндай қылмыстардың саны арта беретінін айтып отыр. Өйткені қаладағы біршама көше мен аулаларда бейнебақылау камералары жоқ. Мүлкіне алаңдаған тұрғындардың арнайы тұрақ жасап берсін деген талабына жауапты мекеме мамандары былай дейді.

Нұрлан Боранбаев, Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Жоғарыдан қарайтын, құжаттарды реттейтін комитетіміз бар. Оларға ұсыныс жеткіземіз. Түрлі нормативтер бар, әсіресе көпқабатты үйлерде бұрын «колясочниктер» болды ғой сол сияқты қосымша оны кеңейту керек шығар. Ол үлкен жұмыс. Біз соны бастайын деп жатырмыз. Бұйырса келесі жылы схема бітеді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Кез келген құрылыс компаниясы тұрғын үй саларда аумақтың 30 пайызын автотұрақтарға бөледі. Бірақ, әлі күнге мопед, велосипед пен самокаттардың жайы ескерілмей келеді. Жауапты мекеме басшылары айтқандай келер жылы аталған транпорт түрлеріне арналған тұрақтардың жүйесі жасалғанымен, қашан қолданысқа берілетіні белгісіз. Сондықтан, екі дөңгелекті көлігіңізге абай бола жүріңіздер.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу