Жол бойында 300-ден астам әмбебап әжетхана орнатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жол бойында 300-ден астам әмбебап әжетхана орнатылады

19.07.2019

Алдағы 3 жылда еліміздің автожолдарының бойында 300-ден астам заманауи әжетхана орнатылады. Бұл туралы бүгін «QazAvtoJol» акционерлік қоғамының өкілдері айтты. Мәліметке сәйкес, алғашқы 12 далалық әмбебап әжетхана былтыр Нұр-Сұлтан – Шучинск, Нұр-Сұлтан – Көкшетау, Нұр-Сұлтан – Павлодар тасжолдарына қойылған.

Биыл дала жолдарында осындай әмбебап әжетханалардың 53-і орнатылмақ. Сөйтіп әрбір 50 шақырым сайын жолаушыға жайлы жағдай жасалады. Айта өтейік, қазір еліміздің автожолдары бойында 800-ге жуық жарамсыз әжетхана бар. Оған жеке секторлардың иелігіндегі адам көргісіз тағы 800-ге жуық әжетхананы қосыңыз. Тозық әжетханаларды озық орындарға алмастыру үшін, «QazAvtoJol» жыл соңында үздік дәретханаға инвестициялық конкурс жарияламақ.

Ұлан Әліпов, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Мердігерлер өз ақшасына заман талабына сай дәретхана орнатуы керек. Соны 7 жыл бойы өздері күтіп ұстайды. Ал біздің компания күтіп ұстаған шығыны үшін ақы төлейді. Шамамен бір дәретханаға айына 500 мың теңге берілуі мүмкін. Жалпы бір павильонды салуға 20 млн теңге жұмсалуы мүмкін. Ал, оған кіру құны - 50 теңге.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу