Осы уақытқа дейін Қазақстан мен Ресей арасындағы азық-түлік заттарының саудасы, негізінен шекаралас жатқан аймақтардың еншісінде болып келсе, енді алыс жатқан аймақтар да алыс-берісті арттырып жатыр. Мәселен, оңтүстіктегі кәсіпкерлер қазір өнімдерін Ресей астанасында да саудалап жатыр. Әрине, әзірге көлемі аз, әйтсе де, алғашқы қадам жасалды.
Қазақстанда бордақыланған малдың еті Мәскеуде сатыла бастады. Кәсіпкер Алан Хортиев Оңтүстік Қазақстан облысынан мұздатылған сиыр етін тасымалдауда. Ол қысқа мерзімнің өзінде 300 тонна өнімін өткізіп үлгерді.
Алан Хортиев, «Москворецк» сауда үйінің бас директоры:
Қазақстаннан келетін ет негізінен майлы болады. Сондықтан, Мәскеу халқы оған бас кезінде жатырқағанымен, кейін келе оның әлдеқайда дәмді, пайдалы екенін көрген соң, жаппай ала бастады. Алдағы уақытта Қостанай облысынан да сиыр етін әкеліп сатқалы отырмыз. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысынан қауын-қарбыз алатын болып келістік.
Ал, шығысқазақстандық шаруалар көлден шаян аулап, Мәскеуге жөнелтіп жатыр. Осылайша, Кедендік одақтың арқасында кедергілер жойылып, алыс-беріс жандана бастады. Алайда, бұл тек жекелеген мысалдар ғана. Мәскеудегі қазақ экспортының көлемі әлі де болса аз.
Дмитрий Шпаков, жеке кәсіпкер:
Шаяндар Қазақстаннан Мәскеуге ұшақпен жіберіледі. Сосын қаладағы шағын орындарға таратылады. Қазақстандық шаяндардың дәмі керемет, ал бағасы арзан. Сондықтан, оны сатуға шығарсаңыз, халық қолма-қол талап алып кетеді. Алайда, сұраныс күшті болғанымен, бір кемшін тұсы, өнімнің көлемі аз, кейбір кезде мүлде жеткізілмей қалады.
Қазақстандық тауарды Мәскеуде тұрақты түрде, әрі көп көлемде сату үшін арнайы логистикалық орталық керек. Себебі, өнімді сақтайтын, сататын арнайы орын болған кезде ғана, тауар бәсекеге қабілетті болады.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
Ресей астанасы - қазақ кәсіпкерлері үшін алыс болса да, тартымды өңір саналады. Себебі, Мәскеу қаласы мен облысын қосқанда барлығы 25 миллион халық, яғни 25 миллион нарық бар. Сондықтан, қазір биліктің де, бизнестің де басты мақсаты – осы нарықта тұрақтау.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ