Премьер-Министр Арыс қаласына барып, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты

11.07.2019

Арыс қаласында жарылыстан зақымданған 676 тұрғын үй жөнделіп бітті. Екі аптадан астам уақыт өзге босағаны сағалаған тұрғындар өз шаңырақтарына жайғасты. Қазір еліміздегі барлық өңірдің күшімен тағы үш мың қырық баспана мен көпқабатты үй қалпына келтіріліп жатыр. Сондай-ақ 66 денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандары бүтінделуде. Бүгін аймаққа арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан Үкімет басшысы Асқар Мамин шаһардағы нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын 1 тамызға дейін толық аяқтауды тапсырды.

 

Шығысқазақстандық құрылысшылар Арыстың орталық көшесінде тұратын Гүлнар Момынованың үйінің орнын тегістеп тастап, жаңадан салып жатыр. Бес бөлмелі ғимарттың іргетасын құйып бітті. Енді қабырғасын қалауға қамдануда. Қасындағы азық-түлік дүкенінің құрылысы қатар жүруде.

 

Гүлнара Момынова, Арыс қаласының тұрғыны:

 

Рақмет, міне басталды. Орнын бәрін тазалып кірпіш алып келеді екен. Соларды қойып,  қайтадан тұрғызып,  қалпына келтіріп берсе соған ырзамын.

        

Жарылыстан шаһардағы 149 баспананың тұруға мүлдем жарамсыз екені анықталды. Жаңадан салынатын үйлердің алтауы көпқабатты. Баспаналарды  қайта салу, жөндеу жұмысымен 5 мыңға тарта құрылысшы айналысып жатыр. 190 құрылыс компаниясы тартылған. Өңірлерге бөлініп берілген құрылыс алаңдарының жұмысына қаныққан Үкімет басшысы мұнан соң халыққа қызмет көрсету орталығын аралап көрді. Апаттан соң қайта қалпына келтірілген орталық құжаттандыру ісі бойынша тұрғындарға барлық қызмет түрлерін көрсетуде.

 

Айдар Ысқақов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Арыс қалалық бөлімінің басшысы:

 

Үй-жайлары толық өртенген азаматтардың жеке куәліктері мен төлқұжаттары тегін жасалып жатыр. Сонымен бірге  өртенген туу туралы куәліктері мен неке құжаттары да тегін негізде жасалып жатыр.

 

Жарылыстан  Арыстағы орталық аурухана ғимаратының да күл талқаны шыққан.  Мұндағы науқастар емхана ғимараты, көршілес аудандардың ауруханаларында ем қабылдап жатыр. Жарылыс кезінде аурухананың барлық есік-терезесі қираған. Бетон шатырдың темір қаңқалары майысқан. 

 

Ерғали Әлімбаев, Арыс қаласы орталық ауруханасының бас дәрігері:

 

Біздің қондырғылардың бәрі нәзік келеді. Сондықтан  қондырғыларымыз  қатты зақымданды.  Солардың бәрі тексеруден өтіп жатыр. Бүгінгі таңда 300-ден астам қондырғы есептеліп, қаралып жатыр. Солардың бәрін ауыстыруға  тура кеп отыр. 

 

Премьер-Министр өңірлік штабтардың жұмысын тексеріп, облыс әкімдері және жауапты министрлік өкілдерімен шаһарды қалпына келтіру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиын қорытындысында Асқар Мамин жауапты тұлғаларға медициналық қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауды және білім беру нысандарын жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырды.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу