Асқар Мамин: Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарының 90 пайыздан астамы аяқталды

02.08.2019
Асқар Мамин: Арыс қаласындағы құрылыс жұмыстарының 90 пайыздан астамы аяқталды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Арыс қаласының залал келтірілген үйлерін, әлеуметтік нысандарын, инженерлік желілерін салу және жөндеу жұмыстарының барысын тексерді, сондай-ақ қаланы қалпына келтіру жөнінде кеңес өткізді.

ҚР Үкіметінің басшысы әскери қалашықтың тұрғын аймағын қарап, И.Журба атындағы мектепті, қалалық аурухананы, теміржол вокзалын, тұрғын үйлерді қалпына келтіру, орталық стадионды реконструкциялау жұмыстарының нәтижелерімен танысты.

Айта кетейік, қысқа мерзімде Арыс қаласында үлкен ауқымды жұмыс атқарылды. Қаланың 90 пайызы, соның ішінде, тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар мен инфрақұрылымдары қалпына келтірілді. 6,5 мыңнан астам тұрғын үй қалпына келтіріліп, 6,5 мың отбасы жөнделген үйлеріне кірді. Барлық инженерлік инфрақұрылым толық жөндеуден өткізілді. Көшелер ауқымды түрде реконструкцияланды. 62 әлеуметтік нысан, соның ішінде – ауруханалар, мектептер, балабақшалар, спорт объектілері 20 тамызға дейін дайын болады.

Үкімет басшысы Арыс қаласын қалпына келтіруге араласқан, көмек қолын созған барлық отандастарға, бизнес, әкімдік өкілдеріне, құрылысшыларға алғыс білдірді.

А. Мамин Арыс қаласының тұрақты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерді жұмылдырудың қажеттігін айтып, Үкімет Арыс қаласының одан әрі даму мәселелерін бақылауда ұстайтынын атап өтті.

Хабарламаларға жазылу